Тамыз айындағы ҰБТ-ға 20 мыңнан астам үміткер қатысады
Еске сала кетейік, тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлердің тестілеуден қайта өтіп, жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге мүмкіндік беру үшін өткізіледі. Бұл ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардың мектеп түлектері, колледж түлектері мен шетелдік мектептерде білім алғандар қатыса алады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, негізгі ҰБТ секілді тамыздағы тестілеу электронды форматта 10-13 тамыз аралығында өтеді. Тіркелу кезінде тестілеуге қатысушылар емтихан өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдады.
Шекті балл жинай алмаған талапкерлердің ақылы бөлімге түсу мүмкіндігі болуы үшін тамызда қайта тестілеуден өтуге жағдай жасадық. Оқуға түсу үшін шекті балл және әр пәннен кемінде 5 балл жинау қажет. Негізгі ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгертіп, тестілеуге қатыса алатынын айта кеткен жөн, – деді ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар жоғары оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады.