Талғарда оқушылар төбелесіп, бірі ауруханаға түсті
Әлеуметтік желіде төбелестің видеосы пайда болды. Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдардың бірі мектеп аумағындағы сырттағы дәретхана жанында төбелесіп жатқандарды тоқтатуға тырысып, дауыс көтерген. Бірақ айқайына ешкім құлақ аспаған соң оған тас лақтыруға тура келген. Сол кезде бірнеше бала жан-жаққа қаша жөнеледі. Тек жерде бір бала ұзыннан сұлап жатқан. Жедел жәрдемге қоңырау шалуға тура келген.
Алматы облыстық полиция департаменті Zakon.kz тілшісіне түсінік беріп, видеодағы оқиға 15 қыркүйекте Талғар қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің бірінің аумағында орын алғанын растады.
Жоғары сыныптың екі оқушысы жанжалдасып, оның арты төбелеске ұласқан.
Салдарынан 2005 жылғы оқушылардың бірі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Аудан полициясында төбелес фактісі тіркелді, осыған байланысты тексеру жұмыстары қолға алынды. Алматы облысы ПД баспасөз қызметі