Президенттікке әйел үміткер ұсынылды
7 қазанда Астанада "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысы өтті.
Іс-шара барысында "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" РҚБ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу және ілгерілету, сондай-ақ осал топтағы азаматтардың проблемаларын ұлттық деңгейде көтеріп, олардың мүдделерін қорғау үшін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидат ретінде Әбден Қарақат Жақсылыққызы ұсынылды.
Әбден Қарақат Жақсылыққызы - төрт баланың анасы, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі. Ақмола облысында 1974 жылы дүниеге келген.
Мемлекеттік лауазымды қызметтерде істеген, тәжірибесі бар, атап айтқанда, Салық комитетінің орталық аппаратында, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 10 жылдан астам еңбек еткен. Астана қаласының VI шақырылымдағы мәслихат депутаты болған.
Бөбектер үйі мен балалар үйінің Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, балалар үйінің 15 тәрбиеленушісінің менторы, тәлімгері.