Түнгі клубта кісі өлтірген көкшетаулық жігіт 17 жылға бас бостандығынан айырылды
Polisia.kz cайтының жазуынша, Көкшетаудағы түнгі клубтардың бірінде жастар арасында жанжал шыққан. Дау-дамай кезінде мас күйде болған жігіт жәбірленушіге үш рет пышақ сұғып алған. Салдарынан ол көз жұмды.
Сотта күдікті кінәсін жартылай мойындады. Оның сөзінше, жәбірленуші оны балағаттап, жұдырық ала жүгірген.
Тергеушілер қылмыс болған түні мекемеде болған клиенттер мен қызметкерлердің айғақтарын зерделеді. Сот шешіміне сәйкес, жиналған және зерттелген айғақтар сотталушының кінәлі екенін растады.
Көкшетау қаласының тұрғыны 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтеуге сотталды. Сондай-ақ одан жәбірленуші тарапқа келтірілген материалдық шығын мен моральдық шығынды өтеу үшін қаражат өндіру көзделді.