"Неге өз елімде домбырамды қорлықпен тасуым керек?": Жас айтыскер неге қынжылады
Айшолпан Тілеутай Алматыдан Астанаға ұшу үшін ұшаққа билет алып, тіркеу, тексеріс - бәрінен түгел өткен. Бірақ ұшақ бортына кірерде қызметкерлер оның домбырасын тартқылап, кіргізбеуге тырысқан. Бұл туралы айтыскер ақын өзінің Instagram-дағы парақшасында айтты.
"Fly Arystan компаниясының қызметкерлері домбыраны ұшаққа кіргізбейсің деп, елдің көзінше мені сосын ДОМБЫРАМДЫ жұлқылады! Бірақ мені жұлқылаған екі қыз бұрын боксқа қатысқанымды және оларға қарағанда күшім көп екенін білмей қалыпты. 2 қыздың жағама жабысқанына қарамай домбырамды Астанаға өзіммен бірге ұшақпен алып келдім! Жақсы жеттік! Әбден есіріп, елдің құқығын таптап, ақшасын жеп жатқан осы компанияға тоқтау салатын біреу бар ма?!" - деп жазды Айшолпан Тілеутай.
Айшолпанның айтуынша, қызметкерлер домбыраны тартып, қыздың киімінен жұлқылап, оны итерген. Бір өзі шамасы келмейтінін білгенде тағы бір қызметкерді көмекке шақырған. Бірақ ақын қыз сонда да домбыраны бортқа алып кірген. Ол өзін қорқытпақ болғандарға "әуе компаниясы кімдікі болса да, бәрібір" деп жауап қайтарды. Ақын қыз "Қазақтың қасиетті домбырасын ұшақта неге сонша қорлықпен тасуымыз керек?" деп наразы.
"Сол жерде тұрған бір де бір адам "Бұл біздің қазақтың домбырасы ғой, мынау өзіміздің қазақтың қызы ғой" деп айтпады. Ана жерде қанша халық тұр. Ал ұшақтағы қыздар мені жұлқылады. Біз неге өз елімізде домбырамызды қорлықпен тасуымыз керек? Бір ашуланатыным: мені сол жерде "Сен бұл компания кімдікі екенін білесің бе?" деп қорқытпақ болды. Кімдікі болса да, бәрібір. Кімнің компаниясы болса да, ол қазақтың елі үшін қызмет етуі керек", - деді ақын Айшолпан Тілеутай.
Ақын бұл әуе компаниясы оның домбырасын екі рет сындырғанын да айтты.
"Флай арыстанға бір емес екі рет жүк ретінде тапсырдым. Бірақ өздерінің айтылған қауіпсіздік ережелері сақталмай, домбырамды екі рет сындырды. Оның шығыны әдетте өтелмеді. Музыкалық аспап ретінде тіркеп, қосымша ақысын төлесеңде сол креслоның үстіндегі жүк салғышқа қоясың, музыкалық аспаптарға арнайы ешқандай орын жоқ! Домбыра - қазақтың киесі, қасиеті мен қазынасы! Домбырамды менсінбеген, сындырған екен, бізде солай жауап берейік!!! Қызметін пайдаланбайық, соның қызметін жүргізіп отырған осы ХАЛЫҚ екенін ұмытпасын! Бабамыздың мұрасы - домбыраны қорлама!" - деп жазды ол.