Тоқаев: Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы
Президент форумның ашылуында сөз сөйлеп, Қатар Әміріне, Қырғызстан президентіне, Босния және Герцеговина президиумының төрағасына, Өзбекстан премьер-министріне және форумның басқа да құрметті қатысушыларына ризашылығын білдірді.
"Сіздердің осы жиынға арнайы келуге шешім қабылдап, форум жұмысына қатысқандарыңыз – біз үшін үлкен мәртебе. Жиын барысында жаһандық экономикалық және аймақтық ынтымақтастық мәселелерінің қазіргі жай-күйі жөнінде табысты пікір алмасамыз деп сенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы" деген Мемлекет басшысы. оның негізгі миссиясына тоқталды:
Бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау;
Екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау;
Үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру;
Төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру;
Бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту.
"Бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде бізге мұндай қарым-қатынастар өте қажет. Сын-қатерлерге төтеп беру маңызды. Осы ретте жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс".Қасым-Жомарт Тоқаев
Форумда Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева және басқа да спикерлер сөз сөйлейді.