Биыл қаңтар-мамырда сыртқы саудада тауар айналымы 8% өскен
"Экспорт 31,6 млрд. долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 3,8%-ке ұлғайып, 10,2 млрд. долларға жетті. Тауарлар импорты 24,2 млрд. долларды құрады. Жалпы оң сауда балансы 7,4 млрд. долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,5%-ке өсті", - деп баяндады министр.
Көрсеткіш өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті.
Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 28,8%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,1%-ке және электр жабдықтарын жасаудың – 34,9%-ке өсуі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 5,3%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%, құрылыс материалдары – 4,4%, сусындар өндірісі – 6,6%, пластмасса бұйымдары – 7,8%, жеңіл өнеркәсібі – 24%.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,7%-ке жоғарлады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ке, газ өндіру – 2,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 17,4%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 3,2%-ке өсті.
Металл кендерін өндіру – 0,2%-ке, көмір өндіру – 8,1%-ке төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,3%-ке ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Абай, Қызылорда және Жамбыл облыстарында байқалды.