Жаңалықтар тізбегі
0

АЭС-ке қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек — Тоқаев

Ақорда, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.11.2021 21:25 Ақорда
Несие алушылар 6,1 млн адамға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары қаржы секторының өкілдерімен кездесуден басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында өткен жиынға Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, мемлекеттік органдардың, ірі қаржы құрылымдары мен банктердің басшылары қатысты, делінеді Ақорда хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құрамдағы кездесудің алғаш рет өткізіліп отырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, жиынды өткізуге еліміздің қаржы секторында шешілуге тиіс қордаланып қалған мәселелер түрткі болған.

– Кейінгі 1,5 жылдағы белгілі бір қиындықтар қаржы нарығына да оңай тиген жоқ. Мұндай жағдайда біздің басты міндетіміз экономикада да, қаржы жүйесінде де тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы кешенді шараларды іске асыру болды және солай бола береді. Негізі, біз өсім траекториясына шыға алдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін кездесуге қатысқандардың сөздерін тыңдаған Президент осы бағыттағы бірқатар нақты міндетке назар аударды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

– Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.

– Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шағын және орта бизнесті несиелеу, оның ішінде ауылдардағы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту еліміздің қаржы секторының басты басымдығы болуы керек деп есептейді. Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты және арзан қор жасау көздерінің жоқтығы микроқаржыландыру нарығындағы негізгі мәселенің бірі.

– Мұндай ұйымдардың қызметі екінші деңгейлі банктерден алынатын қарыз бен жеке қаражат есебінен қаржыландырылады. Нәтижесінде тұтынушылар үшін несиелердің құны жоғары болады. Сондықтан Үкіметке Агенттікпен бірлесіп, микроқаржы ұйымдарының қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтқан тағы бір өзекті міндет – ұлттық қор нарығын дамыту. Оның айтуынша, отандық қор нарығы тұрғындардың қаражатын жинайтын сенімді баламалы құралға айналуы қажет.

– Отандық қор нарығы үшін 2022 жылы жекелеген ұлттық компаниялардың Халық IPO бағдарламасына енуі маңызды оқиға болмақ. Агенттік пен Ұлттық банк Самұрық-Қазына мен Үкімет жүргізіп жатқан жұмысқа белсенді түрде атсалысуы қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы секторын цифрландыруды дамыту маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы осы салада оң қарқын бар екенін атап өтіп, қаржы инновацияларын енгізуге қолайлы жағдай жасау жөніндегі кешенді жұмысты жалғастыру керек екенін айтты.

– Біздің қаржы институттарымыз осы сәтті пайдаланып, ауқымды міндеттерді шешуі керек. Біреудің тәжірибесін көшіріп алудың қажеті жоқ, керісінше Қазақстан аумағымен шектеліп қалмай, қызметтердің жаңа форматын дамытып, ілгерілету керек. Мемлекет бұл бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Біз инновациялық экономика мен қаржылық экожүйені жаңадан қалыптастыру кезеңіндеміз. Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекет басшысы ретінде мен үшін бүкіл экономикамызды жаңа инновациялық даму жолына салу – басты міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық валюталарды айналымға енгізу маңызды екенін тоқталды. Бұл ретте болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастырған жөн екенін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев криптовалюта нарығын дамыту мәселесіне де тоқталды.

– Криптовалюталар – объективті фактор және оларға немқұрайлы қарауға болмайды. Олардың қолданыстағы қаржы жүйесіне әсер ететін тәуекел-қатерлері мен әлеуетін нақты бағалау қажет. Сондықтан елімізде криптобиржаларды құру үшін теңдестірілген реттеу шарттарын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Басқаша айтқанда, криптовалюталарды шығару бойынша әлемдегі екінші ел бола тұра, қаржы қайтарымын көрмей отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы қаржы секторын климат жөніндегі күн тәртібінің талаптарына бейімдеуге қатысты мәселеге арнайы тоқталды.

– Экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқарудың тұрақты даму қағидаттарының әсер етуіне байланысты қаржы секторындағы трансформацияның қарқыны артқанын бәріміз көріп отырмыз. Бұл біздің елімізге де тікелей қатысты. Қарқынды даму ұлттық экономикамызға салмақ салғанымен, екінші жағынан оны тұрақты дамытуға және әртараптандыруға көшіру үшін қосымша мүмкіндіктер де беріп отыр. Осыны ескере отырып, отандық қаржы секторы Қазақстанның "жасыл экономикаға" өту жүйесіндегі маңызды бағытына айналуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамытудың өзектілігіне, соның ішінде Атом электр станциясын салу мәселесіне де тоқталды.

– Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, бүгінгі айтылған мәселелер мен ұсыныстарды пысықтауды тапсырды. Осы ретте Президент нарыққа қатысушылардың іс-қимылдарын үйлестіру жұмыстарын өз Әкімшілігіне жүктеді.

– Бұл оңтайлы әрі қолайлы. Қажет болған жағдайда бүгінгі айтылған ұсыныстарды Қаржы секторын дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу барысында ескерген жөн. Аталған құжаттың барлық басым бағыты негізгі мақсатқа, яғни отандық қаржы жүйесінің экономиканы дамытуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға қосатын үлесін арттыруға негізделуі қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: