Қазақстанға жіберілуі тиіс астық тиелген вагондар Ресейде қаңтарылып тұр
Ақтөбедегі ірі ұн шығаратын кәсіпорын астықсыз қалуы мүмкін. Орынбор облысының шекаралас аймағында бидай тиелген 35 вагон екі аптадан бері қаңтарылып тұр, деп мәлімдеді КТК.
Жеткізуші Ресейде экспортқа тыйым салынғандықтан, тауарды жөнелту мүмкін еместігін айтып отыр. Бұл ақтөбеліктер үшін ұн тапшылығы мәсеселін туыдыруы мүмкін.
Біз бұл компаниямен мұндай шешім қабылданғанға дейін ұзақ мерзімге келісімшарт жасағанбыз. Біздің жеткізушілермен сөйлескенде, олар 14 наурызда астықты импорттауға дайын болған, бірақ шешім сол күні қабылданды. Сондықтан қазір әрбір күн біз үшін өте маңызды болып тұр. Бос тұрған вагондардың әр күні астық құнына да үстемеленеді. «Рамазан» ЖШС бас директоры Тимур Шаймағамбетов
Кәсіпорын иелерінің айтуынша, ресейлік жеткізуші астықтың айлық көлемінің 30 пайызын қамтамасыз етіп келген.
Әзірге наубайхана өзінде қалған астықты пайдалана тұрмақ. Бірақ ол тек сәуір айының ортасына дейін ғана жетеді.
Ал «Атамекеннің» жауабы көңіл көншітпей тұр. Мәселені өңіраралық деңгейде шешу оңай емес, үкімет деңгейінде көтеру керек.
Біз бұл мәселені 25 наурызда онлайн режимінде ресейлік тараппен, атап айтқанда Орынбор облысындағы бизнес-омбудсмен Виктор Коршуновпен талқыладық. Біз оған сол күні тиісті хат жолдадық. Қазір қандай да бір нәтиже күтіп отырмыз. «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облысы бойынша директорының орынбасары Руслан Күйшінов
Кәсіпкерлер қазіргі жағдай баға саясатына ешқандай әсер етпейді деп сендірді. Барлық өндірілген өнім бұрынғы құнымен сатылады.