БҚО-да паллиативті көмек көрсету орталығы ашылды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл орталықтың облысымызға қажеттілігі туралы жылдағы статистика көрсетіп келеді. Мәселен, жылына БҚО бойынша 1400-1450 обыр ауруына алғаш рет шалдыққан науқас анықталады. Ал оның кем дегенде 15,3 % аурудың соңғы кезеңдерінде жүрген адамдар.
"Аманат" паллиативті көмек көрсету орталығының ашылу салтанатына келген БҚО әкімі Ғали Есқалиев бұл меценаттық көмектің арқасында ашылған облыстағы алғашқы жеке орталық екенін атап өтті.
Сурет: Facebook/БҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Диспансер директоры Зейіл Мағзомовтың айтуынша, орталық ауыр науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Мұнда емделушілерге ауырсынуды басатын әлеуметтік, физикалық және психологиялық көмек көрсетілетін болады. Орталықта жасалатын жұмыстардың бәрі науқастардың үрей-қорқынышын басуға, қатты ауырссынуларды жеңілдетуге бағытталмақ. Қиын сәттерде олардды жалғыз қалдырмау. Паллиативтік көмек пациенттердің ғана емес, олардың отбасыларының да жайлылығы үшін жасалмақ. Ауыр науқастарға күтім жасайтын отбасылар осы жерден әлеуметтік демалыс ала алады. Диспансер директоры Зейіл Мағзомов
Сурет: Facebook/БҚО Денсаулық сақтау басқармасы
Зейіл Мағзомовтың берген мәліметіне қарағанда, қазір облыста 7 мыңнан астам адам онкологиялық ауруға шалдыққан.
Облыстық онкологиялық диспансерге мұндай сыйлықты кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісов жасағанын айта кеткен жөн. Ол өз қаражатынан 400 миллион теңгеге жуық қаржы салған. Орталықты өз қаражаты есебінен ашып, қажетті құралдармен жабдықтап, облыстық онкологиялық диспансерге өтеусіз пайдалануға берген кәсіпкер бұл бағыттағы қолдау БҚО-дағы онкологиялық науқастарға қажет деп есептейді.
Сурет: Facebook/БҚО Денсаулық сақтау басқармасы