БҚО-да зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жалғасуда
"Биылғы көктемдегі табиғаттың тосыннан мінезі бәрімізді әбігерге салғаны белгілі. Табиғи апаттың алдын алуға қауқарымыз жетпесе де, өңірімізде орын алған су тасқынынан қиын жағдайға тап болған жерлестерімізді барынша қолдауға тырысудамыз."БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Орал қаласындағы БҚО әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының "Қоғамдық келісім" КММ алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек көрсету штабын құрып, арнайы қабылдау пунктін ашты.
Күні кеше өңірдегі күрделі жағдайға байланысты облыстың Бөрлі, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарында және Орал қаласында төтенше жағдай жарияланған.
БҚО әкімдігінің мәліметінше, гидрометеорологиялық жағдайлар су деңгейінің көтерілуіне алып келіп, елді мекенге қауіп төндіріп, жалпы саны 5000-ға жуық адам қауіпсіз орындарға көшірілген. Осы тұста БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен ҚХА құрылымдық бөлімшелері өкілдері, "Ассамблея жастары", бірқатар үкіметтік емес ұйымдар мен өңірдегі кәсіпкерлер, облыс тұрғындары қолдау көрсетіп, бірі ақшалай қаражат аударса, енді бірі азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге ат салысқан.
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
"Біз, БҚО халқы Ассамблеясы ұжымы қолдау көрсеткен барша жанмен бірлесіп, облысымызда орын алған жағдайға байланысты күш біріктіріп, асар жарияладық. Бұл ретте қала тұрғындары аянып қалмады. Қабылдау пунктімен тікелей байланыста болып, қажетті заттарды жинауда бір кісідей атсалысты. Гуманитарлық көмек жинауға қатысқан барша азаматқа алғысым шексіз. Бірігіп әрекет етсек, біз жеңе алмайтын қиындық жоқ.",- дейді игі істің бастамашыларының бірі, БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі, "Бирлик" әзірбайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Элгун Джаналиев.
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Бүгінге дейін қабылдау пунктінде жиналған қаражаттың жалпы сомасы 25 млн теңгеге жеткен. Алғашқы күндердің өзінде-ақ 2 млн тг-ге жуық жиналған қаражаттың бір бөлігі ақшалай аударылса, келесі жартысы гуманитарлық көмек есебінде азық-түлікпен, тұрмыстық қажеттілік заттары және киім-кешекпен толыққан. Қаржылай көмек көрсеткендердің қаражатына "Ассамблея жастары" және ҚХА құрылымдары мен "Respublica" партиясы өкілдері ауыл тұрғындарына қосымша азық-түлік пен санитарлық-гигиеналық тауарлар сатып алған.
Сурет: БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
"30 наурыз күні өңіріміздегі су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге арналған гуманитарлық көмек екі "Газель" және үш жүк автокөлігіне тиеліп, облысымыздың Сырым, Қаратөбе аудандарындағы қабылдау пунктіне жеткізіліп, халыққа таратылды."БҚО әкімдігі баспасөз қызметі
Облыста су тасқынымен күрес және апаттан құтқару, сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.