Елордалықтар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге арнап 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады
Елордада 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункті бар, жинауға 30-ға жуық ерікті ұйым атсалысып жатыр. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптап, жөнелтеді. Ниет білдірушілер жылы киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, алғашқы қажеттілік заттарын әкеліп жатыр.
Amanat партиясының Астана қалалық филиалы "Жастар рухы" жастар қанатымен, қала әкімдігінің қолдауымен "Астана жастары" ЖРО еріктілерімен, қалалық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар, шағын, орта және ірі бизнес өкілдері 250 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жинады.
Сурет: gov.kz
Қостанай облысында Қазақстан жастар конгресінің волонтерлері еріктілердің жұмысын үйлестіріп, Астанадан гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етіп жатыр.
"Қостанай облысында жұмыс істеп жатқанымызға 5 күн болды. Біздің волонтерлар гуманитарлық көмекті түсіріп, таратуға көмектеседі. Ең алдымен – азық-түлік, моторлы қайықтар, генераторлар, резеңке етік, сол сияқты су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қажеттінің бәрі", – дейді Қазақстан жастар конгресінің жетекшісі Бағдәулет Жанділдаев.
Сурет: gov.kz
Сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмысына елорданың жоғары оқу орындары да қосылды: Мақсұт Нәрікбаев университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Назарбаев университеті, ESIL университеті. Көмек көрсеткен өзге ұйымдардың қатарында: The one қонақүйі, "Әсем", "Рахмет", "Шапағат" сауда үйлері және басқа да бизнес құрылымдарының өкілдері.
Сурет: gov.kz
Сонымен қатар, елордалық Қазақстан халқы ассамблеясы Достық үйінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау мақсатында әлеуметтік шара ұйымдастырды. Көмек Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындарына жеткізіледі. Зардап шеккендерге киім-кешек, азық-түлік, жеке гигиена құралдары, төсек-орын, ыдыс-аяқ және дәрі-дәрмек жиналды. Қазіргі таңда қалалық Ассамблея мүшелері мен еріктілер су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам көмек көрсетті.
Сурет: gov.kz
Жиналған көмектің ішінде негізгі орынды киім-кешек, азық-түлік, гигиеналық құралдар мен аяқ киім алады.
Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды. Қызығушылық танытқандар қажетті өнімдерді жинап, қабылдау пунктеріне апара алады.