"Штаб құрылды". Павлодар облысының әкімі жылусыз қалған Екібастұз халқын сабырға шақырды
27 қарашада Екібастұз қаласында желідегі апатқа байланысты үйлерге жылу беру қызметі өз жұмысын тоқтатты. Осыған байланысты Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қала тұрғындарына видео үндеу жолдады.
Ол таңертеңнен бастап Екібастұз қаласында жүргенін жеткізді. Оқиға орнына өзімен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Олег Крук, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, "Павлодарэнерго" АҚ және Екібастұз ЖЭО басшыларының барғанын да айта кетті.
Жағдай бақылауымызда. Арнайы штаб құрылды. Сағат 11-дегі жағдай бойынша станцияда су тұтыну үш есеге өскен. Судың ағып кетуіне тест жасалды, станцияда су азайып жатқан жоқ. Бұл жылу желілерінде апат орын алғанын білдіреді. Бірнеше дрон іске қосылды. 10 ақау анықталды. Ақау анықталған орындарда арнайы бригадалар жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әбілқайыр Сқақов
Сонымен қатар әкім жылу желілерінде үлкен апаттың орын алу ықтималдылығы жоққа шығарылмайтындығын да жеткізді. Ол аталған мәселемен штаб айналысып жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мен қала әкімі пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілерімен жиналыс өткізген.
Болған жайттан үнемі өздеріңізді хабардар етіп отыратын боламыз. Сондықтан Екібастұз тұрғындарын сабырлыққа шақырамыз әрі қауырт желі іске қосылғанын хабарлаймыз. Мазалаған барлық мәселе бойынша сол нөмірлерге немесе тұрғын үй инспекциясына хабарласуға болады. Әбілқайыр Сқақов
Қауыр желі нөмірлері:
+7 7187 740 041, +7 700 299 7806,
+7 701 338 7624,
+7 707 627 9332 WhatsApp.