Бұрынғы вице-министр Маңғыстау әкімінің бірінші орынбасары болды
Бүгін, 27 қаңтарда Нұрлан Ноғаев облыс активіне кандидатурасы Қазақстан Республикасы президентінің әкімшілігімен келісілген әкімнің жаңа бірінші орынбасарын таныстырды. Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып Жұмабай Қарағаев тағайындалды.
Жұмабай Қарағаев 1971 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Губкин атындағы Мәскеу университетінің "Мұнай және газ кен орындарын игеру және пайдалану" мамандығы бойынша түлегі, техника ғылымдарының кандидаты.
Ж. Қарағаевтың мемлекеттік қызметте және жеке секторда 22 жылдық еңбек өтілі бар. Әр жылдары Атырау және Маңғыстау облыстарындағы бірқатар жеке компанияларды, Атырау әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарған.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Атырау облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы, Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымдарын атқарды. Атырау облысы Мақат ауданының әкімі, Атырау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.
2019 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы қаңтарға дейін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің вице-министрі қызметін атқарды.