ИЫҰ Қазақстанда болған қаңтар оқиғаларына қатысты қарар қабылдады
ИЫҰ-ның «Қазақстан Республикасымен терроризмге қарсы ынтымақтастығы туралы» №50/48-pol қарарына сәйкес, мүше мемлекеттер «Қазақстанда жақында болған бейбіт наразылықтардан кейін елдегі зорлық-зомбылыққа және кінәсіз азаматтар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрбандары мен өліміне әкеліп соққан террористік шабуылдарды» айыптады. ИЫҰ мүше мемлекеттері «Қазақстанның бірлігін, егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын қолдауға өздерінің берік бейілділігін» растады.
Сонымен бірге, ағымдағы жылғы қаңтарда еліміздегі жағдай туралы Еуропалық парламент қабылдаған қарар ИЫҰ мүше мемлекеттердің арасында «наразылығын» тудырды, өйткені қарарда баяндалған ұстанымдар «мемлекетаралық қатынастарды ілгерілетуге және дамытуға ықпал етпейді».
ИЫҰ «Қазақстанмен толығымен ынтымақтасатынын растады және ұлттық қауіпсіздік пен елдің одан әрі дамуы мақсатында мемлекеттік егемендікті және заңды сақтауды қамтамасыз ету бойынша ҚР Үкіметінің шараларына қолдау білдірді».
Қазіргі уақытта ИЫҰ жалпы халқы шамамен 1,7 млрд адамды құрайтын 57 мүше мемлекетке ие және БҰҰ-дан кейінгі көлемі бойынша екінші халықаралық ұйым. 5 ел мен 5 халықаралық ұйым бақылаушы мәртебесіне ие. Қазақстан ұйымға 1995 жылдың желтоқсанында мүше болды.