Садыр Жапаров халықты сабырға және биліктің әрекетін қолдауға шақырды
Қырғызстан басшысы Отанды қорғау қасиетті парыз, жауапкершілік және абырой екенін айтты.
Отанын өмірден артық сүйген, қаза тапқан жауынгерлердің аналарына айтарым, нағыз батырларды тәрбиелеп өсірдіңіздер, мен сіздерге бас иемін. Олардың әрқайсысының ерлігі қырғыз халқының жадында мәңгі сақталады. Отан қорғау жолында қаза тапқан әрбір жауынгердің туған-туыстары мен жақындарына қайғыcына ортақтасып, көңіл айтамын.Садыр Жапаров
Жапаров сонымен қатар қазір барлық мемлекеттік орган күшейтілген режимде жұмыс істеп, оқиғадан зардап шеккен отандастардың сауығып кетуіне қамқорлық жасап жатқанын айтты.
Екі жыл бұрын біздің әскери қызметшілерге қару-жарақ, оқ-дәрілер жетіспейтін, олар ескі киім киген, бүгінде бәрі өзгерді. Мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін моральдық жағынан да, материалдық жағынан да күш-қуат ала отырып, армия барлық жағынан күшейе түседі.Садыр Жапаров
Президент қазір шекаралық аймақта адам өліміне әкелетін атыс тоқтатылғанын, бірақ интернетте түрлі арандатушылық мәлімдемелер жарияланып жатқанын атап өтті.
Қоғамдық пікірді бұрмалауға бағытталған қауесеттердің белгілі бір мақсаты – қонақжай халқымыздың бізбен ынтымақтасатын басқа елдермен қарым-қатынасын суыту екенін есте ұстаған жөн.Садыр Жапаров
Ол ресми ақпаратқа ғана сену керек екенін қосты.
Мемлекетіміздің шекарасына қатысты даулы мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Өзбекстанмен шекарадағы барлық учаске реттелді, оларды ресми түрде құжаттау ғана қалды. Бүгінде Тәжікстанмен шекаралас аумақтар ғана нақтыланбай, қиындық туғызып тұр. Біз қырғыз-тәжік шекарасындағы дауды тек бейбіт жолмен шешуге күш салуды жалғастырамыз.Садыр Жапаров
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қарулы қақтығыс 14 қыркүйек күні таңертең басталған. Қырғызстанда 19 қыркүйек ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ал Тәжікстан Демократиялық партиясының басшысы Сайджафар Усмонзода 20 қыркүйекті ұлттық аза тұту күні деп жариялауға шақырды.