Өзбекстанда шәрбат ішкен балалардың өлімі: үнді фармацевтикалық компаниясы лицензиясынан айырылды
23 наурызда Marion Biotech лицензиясының күші жойылғаны белгілі болды. Бұл туралы елдің ресми өкілдеріне сілтеме жасап Press Trust of India хабарлады.
"Қаңтар айынан бері компанияның лицензиясы тоқтатылды, содан кейін жан-жақты тергеу басталды. Енді компанияның лицензиясын Уттар-Прадештің есірткіні бақылау және лицензиялау органы қайтарып алды. Компания бұдан былай сироп шығара алмайды", - деді ресми өкіл.
3 наурызда полиция компанияның үш қызметкерін қамауға алды. Оларға жалған дәрі-дәрмек жасап сатты деген айып тағылып отыр. Бұған дейін Marion Biotech компаниясының бес қызметкеріне, оның ішінде директорларына қарсы айып тағылған еді.
2022 жылдың желтоқсан айында Өзбекстанда Үндістанда жасалған жөтел сиропын ішкен балалар өлімі тіркелді. 20 бала өлімі ресми түрде тіркелді. Зардап шеккендердің барлығында бүйрек жеткіліксіздігі дамыған. Сол кезде "Док-1 Макс" шәрбатының партиясында улы этиленгликоль мөлшері нормадан 300 есе асып кеткені анықталды.
Ақпан айының басында Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Фармацевтика саласын дамыту агенттігінің бұрынғы директоры Сардор Кариевтің қамауға алынғанын хабарлады. Онымен бірге фармацевтика агенттігі мен Дәрілік заттарды сараптау және стандарттау мемлекеттік орталығының лауазымды тұлғалары қамауға алынды.