АҚШ-та 20 жылдан бері алғаш рет безгек тіркелді
Ауруды жұқтырғандардың төртеуі Флоридада, біреуі Техас штатында, деп мәлімдеді "Хабар 24" арнасы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығына сілтеме жасап.
Мамандар инфекция жергілікті жерде тарағанын анықтаған. Сарапшылардың пікірінше, бұған климаттың өзгеруі себеп болуы мүмкін. Соған қарамастан, Америка Құрама Штаттарында безгекті жұқтыру қаупі төмен болып қала бермек. Негізінен бұл инфекция Африкада көп таралған.
Мэриленд университетінің Медицина мектебі жанындағы вакцинаны дамыту орталығының қызметкері Андреа Барридің мәлімдеуінше, жыл сайын жарты миллионнан астам бала безгектен өледі, сондықтан бұл өте ауыр ауру саналады.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған бір ғана лицензияланған вакцина бар. Асқынбаған безгек өте қауіпті емес. Дегенмен, кейбір жағдайларда безгек өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.