Жыл басынан бері 10,5 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
"Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (56%) Өзбекстаннан, 19,3% – Қытайдан, 9,7% – Ресейден, 7,8% – Моңғолиядан, 4,6% – Түрікменстаннан және 2,6% басқа елдерден", - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарламасында.
Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 65,6% болды. Еңбекке қабілетті жастан кішілер - 25,8% және зейнеткерлер - 8,6%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16,7%-ы жоғары білімді, 37,1%-ы орта кәсіби білімді, 38,8%-ы жалпы орта білімді.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 032 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 565 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 293 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 565 адам біржолғы субсидия алды, ал 257 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.