Путин Гаага сотының шешіміне байланысты Оңтүстік Африкадағы БРИКС саммитіне бармайтынын мәлімдеді
Ресей президенті Владимир Путин тамыз айында Оңтүстік Африка Республикасында өтетін БРИКС саммитіне қатыспайды, деп жазды ОАР президенті Сирил Рамафосаның сайты.
Өзара келісім бойынша Путин саммитке қатыспайды, бірақ Ресей Федерациясы атынан Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысады.
Оңтүстік Африкаға сапары Путиннің наурыз айында Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот оны "украин балаларды заңсыз депортациялады" деген айыппен қамауға алуға ордер бергеннен кейінгі алғашқы ресми шетелдік сапары болуы керек еді.
Оңтүстік Африка Рим статутының қатысушысы әрі ел билігі Путин өз аумағына келген жағдайда оны ордер бойынша ұстауға міндеттейтін ХҚС юрисдикциясын мойындайды.
Соңғы бірнеше айда Оңтүстік Африка Ресеймен Путиннің саммитке қатысу форматы бойынша келіссөздер жүргізуге тырысты. Бұған дейін ел үкіметі Мәскеуге ресейлік делегацияны Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың басқаруын ұсынған еді, бірақ ол ұсыныс қабылданбаған.
"Біз Рим статутына қатысатынымызды түсінеміз, бірақ біреуді шақырып алып, артынша тұтқындай алмаймыз". Оңтүстік Африканың вице-президенті Пол Машатиле
Ол Путин келмесе, Оңтүстік Африка "қуанатынын" айтты.
Маусым айында Оңтүстік Африка президенті Халықаралық қылмыстық сотқа елге Ресей Федерациясының Президенті келген жағдайда оны тұтқындамауға рұқсат беру туралы өтініш білдірді, өйткені оны қамауға алу соғыс жариялаумен бірдей болар еді.