Тоқаев: Қазақстан БҰҰ-ның орнықты дамудағы тегеурінді рөлін әрдайым жақтайды
Мемлекет басшысы "әлем астанасы" деген атпен танымал Нью-Йоркке сапарында БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысқан еді. Мемлекет басшысы сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібі бүгінгі өскелең ұрпақтың жарқын болашақ құруына берілген бір ғана мүмкіндік екенін атап өтті.
"Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін беруді ұсынды. Оның айтуынша, ОДМ-ға қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажет. Экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды.
"Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды", – деді президент.