Өзбекстанда көп әйел алуды насихаттауға және бетті жабуға тыйым салынады
Заң азаматтардың ұлттық, нәсілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша артықшылығын немесе кемшілігін насихаттағаны, сонымен қатар заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген адамдар арасында діни неке қию рәсімін жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жазаларды белгілейді, деп хабарлайды Gazeta.uz.
Енді көп әйел алуды насихаттағаны үшін 4,9 миллион сумнан 9,9 миллион сумға дейін (187 мың теңгеден 379 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Өзбекстанда жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін дәрежеде бетін жауып, қоғамдық орындарда жүргені үшін 3,3 миллион сумнан 4,9 миллион сумға дейін (126 мың теңгеден 187 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады.
"Бұл ретте медицина себептеріне байланысты бетін жабу жағдайлары, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бетті арнайы бас киіммен жабу немесе еңбек және қызметтік іс-шараларға, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысушыларға оларды өткізу кезінде бетін жабу қажет болғаны үшін шектеуден босату қарастырылған", - деп жазады БАҚ.
Заң ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.