Қазақстан туризмі туралы видео Еуропада үздік деп танылды

Биыл 16-рет ұйымдастырылған кинофестивальде еліміздің саяхат туралы "Kazakhstan – Like Never Before" бейнеролигі "Үздік елдік ролик" және "Үздік жарнама кампаниясы" аталымы бойынша жеңімпаз атанды ("Destination – Countries", "Advertising Campaign").
"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы жасаған "Kazakhstan – Like Never Before" бейнеролигінде отандық және Қатар мен Бельгия тревел-блогерлерінің Түркістан қаласы мен Алматы облысына жасаған саяхаттары көрсетіліп, елімізді жаңа қырынан тануға шақырады. Бейнероликті дайындаумен Әділет Рахметолла және Константин Киквидзе бастаған қазақстандық біріккен шығармашылық топ айналысты.
Байқауға әлем бойынша түрлі жобалар ұсынылып, жарнамалық кампаниялар, жарнамалық фильмдер, анимациялар, авторлық саяхат бейнероликтер, деректі фильмдер, веб-құжаттар және телебағдарламалар сияқты аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Халықаралық байқаудың қазылар алқасы құрамына аудиовизуалды кино, туризм, маркетинг және коммуникация саласындағы мамандар мен сарапшылар кірді.
"Бұл ролик Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен мәдени мұрасына шетелдік туристердің назарын аудару тәсіліміздің жүзеге асқанының айқын көрінісі. Байқау ұйымдастырушылары тарапынан берілген жоғары баға еліміздің әлем туристері алдында өте қызық мекен екенін және бейнероликтің өте сапалы әрі креативті жасалғанын тағы да дәлелдеді", - деді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Айта кетері, бұл – Қазақстанның аталған алаңдағы алғашқы жетістігі емес. 2021 жылғы фестиваль аясында "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы жасаған "Travelstan" бейнеролигі үздік жарнама ролигі аталымында үздік деп танылған болатын. Ал өткен жылы "Томас пен Люси Аткинсондардың Қазақстанға көзқарасы" коммуникациялық жобасы екінші орынға ие болды.