Пәкістанмен телекоммуникация және масс-медиа саласындағы өзара іс-қимыл барысы талқыланды

Қазақстанның Пәкістандағы елшісі Ержан Қыстафин Пәкістанның Ақпарат және телерадиотарату министрі Мұртаза Солангимен кездесті.
Елші Е. Қыстафин мемлекет басшысының "...Оңтүстік Азия елдерімен сындарлы және тату көршілік қарым-қатынастарды" дамыту бойынша алға қойған міндеттері тұрғысында Пәкістанмен ынтымақтастықты дамытудың ерекше маңызын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар телекоммуникация және масс-медиа саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті екенін атап өтіп, осы салада құрылымдық диалог орнатуға келісті. Алғашқы қадам ретінде ұлттық телеарналар деңгейінде ынтымақтастық орнату ұсынылды.
Тараптар Қазақстан мен Пәкістанда жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілік кеңселерін ашуға өзара қызығушылық танытты.
Келіссөздер нәтижесінде жетекші телеарналардың қатысуымен екі елдің ақпарат министрлерінің онлайн кездесуін ұйымдастыру, кейіннен ынтымақтастық туралы тиісті меморандумдарға қол қою туралы келісімге қол жеткізілді.