Газа секторын үздіксіз бомбалау кезінде қаза тапқан балалар саны белгілі болды
"Ресми мәліметтерге сәйкес, 48 күн бойы бомбалап, үзіліс жарияланған кезде 5 300-ден астам палестиналық бала қаза тапқаны белгілі болды, бұл санға із-түссіз жоғалып кеткендер қатарына жататын әрі үйінді астында қалып, денелері табылмаған көптеген бала кірмеген", - деді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атқарушы директоры Кэтрин Рассел.
Оның мәлімдемесі ұйымның сайтында жарияланды.
ЮНИСЕФ басшысының айтуынша, егер өңірде шиеленіс бұрынғы қалпына оралатын болса, онда "күн сайын жүздеген басқа балалардан тағы айырыламыз".
Қақтығыстың жаңа кезеңі 7 қазанда таңертең Газа секторындағы ХАМАС қозғалысының күштері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралас аймақтарға еніп, айналаға қарша оқ жаудырып, адамдарды кепілге алғаннан кейін басталды.
Қазіргі уақытта Газа секторындағы құрбандар саны 16 мыңнан асты, 35 мыңнан астам адам зардап шекті. Израильде 1,2 мыңнан астам адам қаза тапты.
Бір күн бұрын Израиль армиясы Газа секторындағы ұрыс іс-қимылдарын қайта жандандырды. Әскерилер Палестинаның ХАМАС қозғалысы бітімгерлік келісімді бұзып, Израиль территориясына оқ жаудырды деп мәлімдеді.