Йеменде хуситтер БҰҰ-ның 11 қызметкерін қолға түсірді
БҰҰ мәліметтері бойынша, 11 адамның тоғызы еркек, екеуі әйел адам болып табылады. Алтауы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі агенттігінде, тағы бір-бірден арнайы өкілдіктің кеңсесінде, даму бөлімінде, ЮНИСЕФ-те, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасында және ЮНЕСКО-да жұмыс істеген.
"Біз бұл оқиғаларға қатты алаңдаушылық танытып, хусит билігінен осы тұтқындаулардың мән-жайына қатысты дереу түсініктеме алуға және ең бастысы, БҰҰ-ның осы қызметкерлеріне жедел қолжетімділікті қамтамасыз етуге тырысамыз. Біз олардың барлығын тезірек босату үшін мүмкіндігінше бар қолжетімді арналарды пайдаланамыз", – деді БҰҰ өкілі Нью-Йорктегі баспасөз мәслихатында.
Басқа да көмек топтарында жұмыс істейтін адамдар да ұсталды. Майюн адам құқықтары ұйымы бас көтерушілер тобының бақылауындағы төрт провинция – Амран, Ходейда, Саада және Саанада хуситтер ұстаған басқа көмек топтарын атады.
"Біз Біріккен Ұлттар ұйымы қызметкерлерінің халықаралық құқыққа сай артықшылықтары мен иммунитеттерін бұзу болып табылатын аталған қауіпті шиеленісті ең батыл түрде айыптаймыз және оны саяси әрі экономикалық пайда мақсатында бопсалаудың репрессиялық, тоталитарлық тәжірибесі деп санаймыз", – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Британдық Guardian газеті адамдардың ұрлануын бас көтерушілердің АҚШ бастаған коалицияның қаржылық қысымы мен әуе шабуылдарының күшеюімен бетпе-бет келуімен байланыстырады.
Мамыр айының соңында хуситтер ел астанасы Санада қамауда болған 113 әскери тұтқынды босатты.