Швейцарияда паранжа мен ниқаб киюге тыйым салатын заң күшіне енді
ТАСС мәліметінше, бұл тыйымды бұзған адамға қатысты 100-ден 1000 швейцариялық франкке дейін айыппұл салынбақ, яғни 110,2-ден 1102 долларға дейін.
Швейцария халқы 2021 жылғы наурызда аталған мәселені дауысқа салып, референдумға қатысты. Тыйымды қолдап сауалнамаға қатысушылардың 51,2%-ы дауыс берді.
Бұрын бұл шектеу тек Сент-Галлен және Тичино аймақтарында қолданылып келген.
"Тыйымға ниқаб пен паранджа сияқты мұсылман діндарларының киімдері, сондай-ақ футбол жанкүйерлері киетін балаклава ілініп отыр. Енді оларды дүкендерде, мейрамханаларда, мемлекеттік мекемелерде және қоғамдық көліктерде киюге тыйым салынады. Дегенмен бетті жауып тұратын киімдер мен заттарды діни орындарда, карнавалдарда немесе суықтан қорғау мақсатында киюге болады", делінген талап сипаттамасында.
Швейцария президенті Карин Келлер-Зуттердің айтуынша, тыйым Швейцарияда тұратын 400 мың мұсылманның аз бөлігіне қатысты. Өйткені, саясаткер атап өткендей, ниқабты мұсылман әйелдердің тек 20-30 шақтысы ғана киеді.
Осындай тыйым Швейцариядан бөлек Австрия, Бельгия, Болгария, Дания және Нидерланды сынды Еуропа елдерінде кездеседі. Бірінші болып бетті тұмшалаушы киім киюге тыйымды Франция 2011 жылы енгізді.
2024 жылдың маусымында Тәжікстанда хиджаб киюге тыйым салынды. Тиісті заңға ел президенті Эмомали Рахмон қол қойды.