Калифорниядағы орман өрті: Атақты актер Мел Гибсонның да үйі "күл" болды
Мел Гибсон - Оңтүстік Калифорниядағы алапат орман өрті кезінде үйінен айырылған атақты адамдардың бірі. Оның Малибуда орналасқан сәнді сарайы 14 миллион долларға бағаланады. Fox телеарнасына берген сұқбатында актер және режиссер 15 жыл ішінде жинақтаған барлық құнды заттары – отбасылық фотоальбомдардан бастап XVII ғасырдағы баға жетпес антикварлық кітаптар да өртеніп кеткенін айтты.
Бақытқа орай, Мелдің өзі мен оның жақындары зардап шекпеген. Өрт кезінде Гибсон Техас штатының Остин қаласында болған.
"Ұлым төлқұжаттар мен бірнеше маңызды қағаздарды алып шығып үлгерген, бұл - өте қорқынышты жағдай. Көршілеріме қарап, өзімнен гөрі солар үшін қатты уайымдаймын. Қазір ішім алай-түлей, аралас бір сезімдер бар, бір жағынан, қуаныштымын да. Өйткені менің жолым болды деп ойлаймын... Дүниені қойшы, бас аман болса, оларды табуға болады, әрине, өртенген заттар ішінде орнын толтыруға келмейтіндері де бар, бірақ бастысы – біз әлі осындамыз. Бір қызығы, осы болып жатқанның бәрін, өз басым тазару секілді қабылдаудамын". Мел Гибсон, актер, режиссер
Сурет: BlueLoveImages
Сонымен қатар, режиссер өрттің шығуына қатысты күтпеген теорияны алға тартты.
"Бұл маған ескі замандағы басында мыңыраған малы бар бай-манаптарды еске түсірді, осылайша олар кедейлерді жерден тықсыра бастады емес пе? Білмеймін... Маған өрт сөндірушілерде судың болмауы өте күмәнді болып көрінді", - деді ол.
Айта кетсек, Калифорниядағы өрт кезінде 11 адам қаза тапқаны белгілі болды. Орман өрті 11 000 гектерды қамтыды. Қауіпті аймақтан 360 мыңнан астам адам эвакуацияланды.