Франция қазақстандықтар үшін Еуроодаққа визалық режимді жеңілдетуді қолдауға дайын

Бұл жайлы 2025 жылғы 18 сәуірде ҚР ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
"Париж қаласында министр Франция Республикасының Ішкі істер министрі Брюно Ретайомен келіссөздер жүргізіп, 2009 жылдан бастап қолданыстағы Қылмыспен күрес туралы келісім аясындағы өзара іс-қимылдың жай-күйін қарады. Реадмиссия және көші-қон бақылауы саласындағы ақпарат алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылы қол қойылған Реадмиссия туралы келісімді іске асыруға өзара дайындық пысықталды. Француз тарапы Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық одақ елдері тарапынан визалық режимді жеңілдету рәсімін қолдауға дайын екенін білдірді",- делінген ақпаратта.
Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша тараптар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, есірткі қылмысы, заңсыз көші-қон, экстремизм және интернет-алаяқтықпен күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Жол картасына қол қойды.

Сурет: polisia.kz
Лион қаласына сапары аясында министр Интерполдың бас хатшысы Вальдес Уркизамен кездесу өткізді. Халықаралық іздестіру, алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы практикалық ынтымақтастық бағыттары талқыланды. Өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және ұйымның жаңа дерекқорларына қол жеткізуді кеңейту мәселелері қозғалды.
Интерполдың бас хатшысы Қазақстан Республикасы ІІМ жанындағы Интерпол Ұлттық орталық бюросының тиімді жұмыс деңгейін жоғары бағалады..
Бұдан бөлек, Гаага қаласында Қазақстан Ішкі істер министрі Еурополдың атқарушы директорының орынбасары Андрей Линтамен кездесті. Киберқылмысқа, экстремизмге және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Еуропол арналары арқылы ақпарат алмасу мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы ІІМ мен Еуропол арасындағы Операциялық келісімді әзірлеу рәсімін бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің полиция құрылымдарымен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейін ашады.
Бұған дейін ҚМА есірткі тарату арнасын жою барысынан кадрларды көрсеткендігі хабарланған болатын.