ІІМ басшысы "Заң және Тәртіп" қағидаты аясында сүбелі сұхбат берді

ІІМ басшысы "Заң және Тәртіп" қағидаты аясында сүбелі сұхбат берді , сурет - Zakon.kz жаңалық 23.06.2025 13:37 Сурет: polisia.kz
Ішкі істер министрі Ержан Саденов полиция жұмысы туралы "Заң және Тәртіп" қағидатына сүйене отырып айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

– Ержан Сапарбекұлы, сіз қалай ойлайсыз, "Заң және Тәртіп" қағидаты әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуы үшін құқық қорғау органдары қолданып жатқан шаралар жеткілікті ме?

– Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап өткендей, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тәртіпке қол жеткізу мәжбүрлеу шараларынсыз мүмкін емес.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік ықпал ету шаралары мен қылмыстық жаза түрлерімен қатар, түсіндіру жұмыстарын да белсенді жүргізіп келеді, автоматтандырылған жүйелер кеңінен енгізіліп жатыр. Бұл – азаматтардың жасаған іс-әрекеттері үшін жауапкершілігі мен жазаның бұлтартпау қағидатын қалыптастыратын негізгі құралдар.

"Мықты іргетассыз үй салуға бола ма? Жоқ. Мұнда да солай. Тек мәжбүрлеу шараларымен шектелу қиын. Заңға деген құрмет, ішкі адалдық пен тәртіпке деген сенім арқылы қалыптасатын сана мен әлеуметтік жауапкершілік те қажет",- деді ол.

Бұл жерде барша азаматтар жауапты. Отбасында сенімнің негізі қаланады. Мысалы, Атырау облысынан шыққан 3 жастағы Дінмұхаммед Жұмажан есімді бала, әлі дұрыс сөйлей алмаса да, қоқысты тастауға болмайтынын біліп отыр және бұл арқылы бүкіл қазақстандықтарға үлгі болды. Ата-анасы баланың осындай тәртіпке үйренуіне әжесі мен атасының тәрбиесі әсер айтты.

Өкінішке қарай, қоғамда әлі де мінез-құлық нормаларын қалыптастыратын белгілі бір стереотиптер бар.

"Мысалы, қазіргі таңда кейбір азаматтар мас күйінде көлік жүргізу үшін жазаны жеңілдетуді сұрап отыр. Бірақ қараңызшы, биылдың өзінде мас күйінде көлік жүргізгені үшін 5 мыңға жуық жүргізуші ұсталды. Жаза күшейгеннен кейін мұндай құқықбұзушылықтар азайғанымен, әлі де орын алып отыр. Менің ойымша, бұл жерде қоғамдық айыптау маңызды рөл атқаруы керек. Мас күйінде көлік жүргізуге болмайды – полиция ұстап алады деп емес, бұл – қалыпты нәрсе емес екенін түсінгеннен болмауы керек. Мұндай "қалыптар" тек мәжбүрлеу шаралары арқылы емес, көбінесе қоғамның қатынасы арқылы қалыптасады. Оның үстіне, мас күйінде рөлге отырғандарға ешқандай жеңілдік болмауы керек. Олар – әлеуетті қылмыскерлер. Биылдың өзінде олардың кінәсінен 18 адам қаза тапты, 300-ден астамы жарақат алды. Әрбір осындай қайғылы оқиғаның артында зардап шеккендердің ғана емес, олардың жақындарының да тағдыры тұр. Мұндайда қандай жеңілдік туралы айтуға болады? Менің ойымша, жазаны жеңілдетуді сұрап отырғандардың сөзіне құлақ асу – мас күйінде көлік жүргізуді қолдау деген сөз". Ержан Саденов

– Дегенмен, азаматтардың құқықтық санасын жоғары деңгейге қалай жеткізе аламыз? Адамдар пара беруді немесе алуды, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуді, қоқыс тастауды қашан қояды деп ойлайсыз?

– Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер көп болды. Азаматтардың жауапкершілігі артты. Мұны әркім өзі де сезіне алады, соңғы он жылмен салыстырып қараса. Мысалы, Қазақстанда көшеде сырамен жүрудің норма еместігін, темекі тұқылын лақтыру – заң бұзушылық екенін біледі.

Әрине, бұл жерде цифрлық ресурстардың рөлін әділ түрде атап өту керек. Жыл сайын жол қауіпсіздігін бақылаудың автоматтандырылған жүйесі кеңейіп келеді. Бұл – жолдағы тәртіпті күшейтетін маңызды құрал.

"Жалпы қабылданып жатқан профилактикалық шаралар еліміздегі құқықтық мәдениеттің артуына ықпал етуде. Мысалы, учаскелік полиция инспекторлары мүше болып отырған көпқабатты үйлердің чаттарында тұрғындар қоғамдық орында темекі шегу немесе қоқыс тастау секілді жағдайлар туралы хабар беріп отырады".

Әлеуметтік желілердің де рөлін атап өткен жөн. Біз бір тәуліктің ішінде азаматтар жүктеген жүздеген құқық бұзушылық фактілерін анықтаймыз. Барлық деректер бойынша дереу шара қабылданады. Бұл да құқықтық сананы нығайтатын қуатты құралға айналды.

"Қазір "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң жобасы қаралып жатқанын білесіздер. Оның басты мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын ерте кезеңде алу. Осы мақсатта профилактика субъектілерінің тізімін кеңейту қарастырылған, олар бұл салаға азаматтарды тарту құқығына да ие болады. Ең белсенді қоғамдық көмекшілерге алғыс хаттардан бастап, ақшалай сыйақыға дейін көтермелеу шаралары көзделіп отыр". Ержан Саденов

Бұл кешенді шаралар азаматтардың қауіпсіз өмір сүру жағдайын жасауға бағытталған. Мысалы, Еуропа елдерінде көрші пәтерден шыққан шудың өзі дабыл ретінде қабылдануы мүмкін. Адамдар полицияға хабарласуды азаматтық парызы деп санайды. Біртіндеп, бәлкім, баяу болса да, қазақстандықтардың құқықтық санасы жыл сайын артып келеді.

– Біз заңға құрмет, құқықтық сана туралы көп айтамыз. Көпшіліктің санасында заң – бұл полиция деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан ең үлкен жауапкершілік те полицейлерге жүктеледі. Олар үлгі болуы керек. Бұл талапты ұстану үшін не жасалып жатыр?

– Иә, тәртіп орнату үшін кешенді түрде қарау қажет. Саналылық бала кезден, мектеп қабырғасынан қалыптасады. Бұл – кадр даярлау жүйесінде де маңызды мәселе. Бүгінде еліміздің көптеген мектептерінде "Жас сақшы" полицейлік сыныптары ашылған. Бұл сыныптарда оқушыларға патриотизм, заңға бағыну және азаматтық жауапкершілік рухы сіңіріледі. Бұл – болашақта құқық қорғау органдары үшін жақсы кадрлық әлеует. Ертең оларды ведомстволық оқу орындарынан көргіміз келеді.

ІІМ-нің өз оқу орындары да айтарлықтай өзгерістерден өтті. Оқу бағдарламалары жаңартылды, киберқауіпсіздік, аналитика, цифрлық технологиялар модульдері енгізілді. Оқыту тек кәсіби дағдыларды емес, сонымен қатар құндылықтарды, көшбасшылықты және моральдық тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталған.

"Осылайша толыққанды даярлықтың тік жүйесі қалыптасады: мектеп – ЖОО – қызмет. Бұл тізбектің шыңы – жаңа буын басқарушыларын даярлау. Президент тапсырмасымен Астанада ІІМ Басқару академиясы ашылды – бұл жаңа формациядағы басшыларды даярлауға арналған білім беру орталығы. Онда аналитикалық ойлайтын, стратегиялық көзқарасы бар және жеке құрамды соңынан ерте алатын басшылар тәрбиеленеді".

Ішкі істер органдарында мыңдаған қызметкер еңбек етеді: учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдерден бастап, сарапшылар, тергеушілер мен арнайы бөлімше жауынгерлеріне дейін. Олардың жұмысы біліммен қатар, төзімділікті, тәртіпті және ішкі рухты талап етеді. Бұл жерде ІІМ ардагерлерінің тәлімгерлік рөлі зор – олар қызмет рухын сақтап, дәстүрді жалғастыруға көмектеседі.

– Ержан Сапарбекұлы, қазіргі таңда елдегі қылмыстық ахуал қандай?

– Биылғы жылы 5 айдың ішінде 39 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға аз. Бұл – пайыздық көрсеткішпен алғанда едәуір азайған. Сонымен қатар, кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, бұзақылық, зорлау және басқа да қылмыс түрлерінің саны айтарлықтай азайды.

"Меніңше, бұл ең алдымен қазақстандықтардың құқықтық санасының, әлеуметтік жауапкершілігінің және әл-ауқатының артқанын көрсетеді. Бұған қоса, цифрлық ресурстарды енгізу, заманауи тәсілдер мен дәстүрлі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету әдістерін ұштастыра білген барлық құрылымдардың кешенді жұмысы да үлкен үлес қосты".

Соңғы жылдары ұрлық фактілері де азайып келеді. Тек өткен жылдың ішінде ғана олардың саны 27%-ға қысқарды. Бұл – "өзгенің мүлкіне қол сұғуға болмайды" деген ұғымның санамызда беки түскенінің дәлелі.

Ауыл тұрғындары үшін баяғыдан бері мал ұрлығы – үлкен мәселелердің бірі. Бүгінгі таңда алдын алу шараларының, соның ішінде заңнамалық деңгейдегі шаралардың арқасында бұл қылмыс түрін де азайта алдық. Соңғы бес жылда олардың саны шамамен 75%-ға төмендеді.

Айта кетейін, бұл мәселе Тәуке хан заманында да өзекті болған. "Жеті жарғы" заңдар жинағында жылқы мен басқа да құнды мүлікті ұрлағандарға қатысты жаза қарастырылған.

"Әрине, біздің мақсат – қылмыс деңгейін нөлге дейін түсіру. Бұл – біз ұмтылып отырған бағыт. Министрлік пен барлық жеке құрам күнделікті алдын алу, профилактикалық жұмыстар жүргізіп, әрбір азамат өзін қауіпсіз сезінуі үшін еңбек етуде. Иә, қылмыс та жаңа түрлерге көшіп жатыр, әсіресе технологиялардың дамуымен байланысты. Бірақ біз де тоқтап тұрған жоқпыз – бейімделіп жатырмыз, қарсы әрекет ету құралдарын күшейтіп, алға жылжып келеміз".

– Сонда қазіргі таңда қазақстандықтарды алаңдатуы тиіс басты қауіп – цифрлық ресурстар ма? Жалпы, өзімізді және жақындарымызды қорғаудың қандай жолдары бар?

– Иә, пайыздық көрсеткішке көз жүгіртсек, соңғы жылдары жалпы қылмыс құрылымында интернет-алаяқтықтың үлесі едәуір артқан. Бұрын көбіне ұрлық деректері басым болса, қазір жағдай өзгерді.

Бұл үрдіс ІІМ-де киберқылмысқа қарсы күреске бағытталған жаңа бөлімшені құру қажеттілігін туындатты.

"Интернет-алаяқтық секілді қауіптерге қарсы жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бергі алғашқы айлардың өзінде-ақ нақты нәтижелер бар. Ерте әрекет ету және алдын алу жүйелерін енгізудің арқасында азаматтардың қомақты қаржысын жоғалтуына жол берілмеді. Алаяқтар қол жеткізбек болған 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бұғатталды. Оперативті шаралардың нәтижесінде алаяқтық қоңырауларға пайдаланылған немесе дайындалған 90 мыңға жуық SIM-карта тәркіленді. Шетелден келетін жалған нөмірлі қоңырауларды бұғаттау жұмысы жолға қойылды. 2022 жылдан бері мұндай 67 миллионнан астам қоңырау бұғатталып, қазақстандықтарға жетпей қалды". Ержан Саденов

Дегенмен, бұл мәселеде азаматтардың цифрлық сауаттылығы басты рөл атқаратынын атап өткім келеді. Бұл – заман талабы. Жедел әрекет пен киберқауіпсіздік әдеттерін (кибергигиена) ұштастыра отырып, біз интернет-алаяқтыққа қарсы тұра аламыз.

– Бүгінде интернет алаңдары есірткі қылмыскерлерінің де "құралына" айналғанын білеміз. Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Есірткіге қарсы күрес ондаған жылдан бері жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары қазіргі ахуал мен жаңа қауіптерге сәйкес бұл жұмыс күшейтілді.

Біріншіден, кадрлық негіз нығайтылды. ІІМ құрамындағы есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы комитет болып қайта құрылды.

"Сіз айтпақшы, есірткі таратушылар бүгінде мессенджерлер мен көлеңкелі интернет-ресурстарды белсенді пайдаланады. Төлемдер криптовалюта мен жалған есепшоттар арқылы жүргізіледі. Яғни, есірткі қылмысы бұрынғыдан да жасырын сипат алып барады".

Қарсы тұру үшін қазіргі заманға сай тәсілдер қажет. Биылдың өзінде 12 мыңнан астам есірткіге қатысты заңсыз контенті бар интернет-ресурс бұғатталды. Күмәнді операциялармен байланысты 15 мыңнан астам банк картасының жұмысы тоқтатылды.

"Бұдан бөлек, жасырын есірткі зертханаларын жою жұмысының арқасында 1,5 тонна синтетикалық есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді. Бұл дегеніміз – миллиондаған адам тағдыры. Себебі бір нашақор – бүкіл отбасының қайғысы екені белгілі". Ержан Саденов

Сонымен қатар, заңнамалық база да үнемі жетілдірілуде. ҚР Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. Қазір есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен таратушылардың, соның ішінде интернет-курьерлер мен "закладчиктердің" жауапкершілігі нақты бөлінген. Енді есірткіні медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл нашақорларға қатысты икемді, оңалтуға бағытталған тәсіл қолдануға мүмкіндік береді.

– Ержан Сапарбекұлы, сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет. Сізді, ІІМ жеке құрамын және ардагерлерді Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын. Шын мәнінде, ішкі істер органдарының қызметкерлері көп жағдайда қарапайым халық көре бермейтін үлкен жұмыс атқарып жүр. Бірақ дәл сол еңбектің арқасында біз көшеде емін-еркін жүріп, балалармен серуендей аламыз. Құқық қорғау қызметкерлерінің барлығына алғыс айтамын!

– Сізге де рахмет, Гүлжанат. Қазақта жақсы сөз бар: Отан – отбасынан басталады. Мен соған мынаны қосар едім: Заңға деген құрмет те отбасынан басталады. Мұнда мектептің де, қоғам мен көшенің де рөлі бар. Әрине, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігі тарапынан барлық шаралар қабылдануда.

"Біз бәріміз бірге елімізді қауіпсіз, таза әрі әділетті ете аламыз деп ойлаймын. "Заң мен Тәртіп" әрбір заңға бағынатын қазақстандықтың мінез-құлқындағы қалыпты нормаға айналуы керек". Ержан Саденов

Сұхбаттасқан – Гүлжанат Жұбаниязова.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: