Трамп Путинмен, сондай-ақ Зеленскиймен де телефон арқылы сөйлескелі отырғанын жеткізді

Бұл туралы Америка көшбасшысы Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
"Мен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен дүйсенбіде сағат 10:00-де (Астана уақыты бойынша сағат 19:00) телефон арқылы сөйлесетін боламын", - деп жазды ол.
Трамп телефон арқылы болатын әңгімеге Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және сауда қатынастары мәселесі арқау болатынын айтты. Бұдан кейін АҚШ президенті Украина президенті Владимир Зеленскийге және НАТО-ға мүше елдердің басшыларына қоңырау шалуды жоспарлап отыр.
16 мамырда үш жылдағы алғашқы Ресей-Украина келіссөздерінен кейін Трамп Ресей президенті Путинмен Украинадағы қақтығысты шешу жолдарын талқылау үшін жеке кездесетін уақыттың келгенін айтты. Ыстамбұлдағы кездесу қорытындысы бойынша ресейлік және украиндық тараптар атысты тоқтату туралы ұсыныстармен алмасты және "1000-ға 1000" формуласы бойынша тұтқындарды жаппай алмасуға алдын ала келісті.
Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков атап өткендей, Ресей мен Украина басшыларының кездесуі келіссөздер бойынша қос тараптың делегациясы белгілі бір келісімдерге қол жеткізген кезде мүмкін болады.