Қытайда биіктігі 80 қабатты ғимаратқа тең әлемдегі ең биік бөгет салынды
Сурет: CCTV
South China Morning Post деректері бойынша, "Дашися" жобасының бөгетін мемлекеттік China Energy Engineering Corporation корпорациясы жобалаған. Бұл – топырақ негізінде тұрғызылып, беті бетонмен қапталған әлемдегі ең биік бөгет. Оның биіктігі 247 метрді құрайды, бұл шамамен 80 қабатты ғимараттың биіктігімен тең.
Бөгет нығыздалған тас немесе шағылдан тұрғызылып, суға қараған беті су өтпейтін бетонмен қапталған. Соңғы онжылдықтарда мұндай құрылымдар қауіпсіздігі жоғары, құны төмен және биік ғимараттар тұрғызуға қолайлы болғандықтан басымдыққа ие болып отыр.
"Дашися" жобасы — бұл түрдегі бөгеттер арасында жасанды интеллект пен пилотсыз техника қолданылып, толықтай интеллектуалды технологиялар арқылы салынған әлемдегі алғашқы нысан болып саналады.
Құрылыс толық аяқталғаннан кейін, келесі жылы су қоймасы 1,17 миллиард текше метр су жинай алады. Бұл Ақсу және Тарим өзендері бассейндеріндегі 533 мың гектардан астам ауылшаруашылық жерін суғаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба тасқын суды бақылауды жақсартып, апатты су басу жағдайларының жиілігін төмендетеді.
Бұған дейін Таиланд астанасының орталық көшесінде үлкен шұңқыр пайда болғанын жазғанбыз.