Ауғанстан-Пәкістан шекарасында атыс: 12 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Ресми Кабулдың хабарлауынша, Пәкістан жеңіл қарумен қатар танкі тәрізді ауыр қаруды да қолданған. Ауғанстанның Спин-Болдак ауданында қаза тапқандардың 90%-ы бейбіт тұрғындар, олардың арасында әйелдер мен балалар бар. Жараланғандар жергілікті ауруханаға жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін Қандағарға жеткізілді, деп жазады qazaqstan.tv.
Пәкістанның Чаман елді мекенінде төрт бейбіт тұрғын жараланды, ал Пәкістан жағы алты әскери қызметкерін жоғалтқан. Ауғанстан тәліптері 9 содырынан айырылды деп хабарланды.
Айта кетсек, екі жақ өткен апта соңында да атысқан. "Талибан" Пәкістанның 58 сарбазын жоғалтқанын айтса, Исламабад 23 жауынгердің қаза тапқанын растап, жүздеген тәліпті өлтіргенін хабарлады. Бұл шиеленіс араб елдерінің араласуымен уақытша тоқтатылды.
Ауғанстан сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақи атысты тоқтату жөнінде Қатар мен Сауд Арабиясының ұсынысын жеткізді. Ол Пәкістанмен жақсы қарым-қатынас орнатқысы келетінін айтты.
Қазіргі кезде екі ел бір-бірін шекарадағы дағдарыс үшін айыптап отыр. Исламабад мәлімдемесіне қарағанда, "Талибан" Пәкістан аумағында қанды шабуыл жасаған тәліптерге баспана беріп отыр деп санайды. Кабул бұл ақпаратты жоққа шығарады.
Шиеленіс Ауғанстан сыртқы істер министрінің Пәкістанға сапарымен және Делиде Үндістанмен кездесуі кезінде күшейген. Сол кездесуде екі елдің дипломаттары екіжақты байланыстарды нығайтып, Ауғанстан астанасында Үндістан елшілігін қайта ашу туралы уағдаластыққа келген еді.