Колумбияда әскери ұшақ апатқа ұшырап, 60-тан астам адам қаза тапты

Колумбияда әскери ұшақ апатқа ұшырады: 60-тан астам адам қаза тапты, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.03.2026 10:37 Сурет: видео скрині
Колумбияда Hercules C-130 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 128 адам болған. Қарулы күштердің мәліметінше, 66 әскери қызметкер қаза тауып, тағы 57 адам жарақат алды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Апат 2026 жылғы 23 наурызда Путумайо провинциясындағы Пуэрто-Легуисамо қаласында ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай болған. Бортта 117 жолаушы мен 11 экипаж мүшесі отырған. Ұшақ әскери қызметкерлерді тасымалдаған.

Кейінгі деректер бойынша, 66 адам қаза тапты: олардың алтауы – Әуе күштерінің әскери қызметкері, 58-і – құрлық әскерінің өкілі және екеуі – полиция қызметкері. Тағы 57 адам жарақат алып, бір адам аман қалған. Бұл туралы жергілікті Caracol телеарнасы хабарлады.

Қала әкімінің орынбасары Карлос Кларостың айтуынша, қаза тапқандар жергілікті мәйітханаға жеткізілген. Ал зардап шеккендерге әуелі екі шағын клиникада алғашқы көмек көрсетіліп, кейін ірі қалаларға жеткізіле бастаған.

Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жергілікті тұрғындар жеткен. Олар жараланғандарды, соның ішінде мотоциклмен тасымалдап, өртті сөндіруге тырысқан.

Колумбия Әуе күштерінің қолбасшысы Карлос Фернандо Сильва ұшақ техникалық ақау шыққаннан кейін әуежайдан шамамен екі шақырым жерде құлағанын айтты. Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері белгісіз.

Апат орнына зардап шеккендерді эвакуациялау үшін қосымша әуе кемелері жіберілді. Олар ондаған төсек-орынмен жабдықталған.

Қорғаныс министрі Педро Санчес қарулы топтар тарапынан шабуыл белгілері жоқ екенін мәлімдеді.

Колумбия президенті Густаво Петро осы қайғылы жағдайдан кейін әскери авиацияны жаңғырту қажеттігін тағы да атап өтіп, бюрократиялық кедергілерді сынға алды.

Әуе күштері қаза тапқандар саны мен апат себептерін нақтылауды жалғастырып жатыр.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: