Хантавирус ошағы анықталған лайнердегі ондаған жолаушы елдеріне эвакуацияланды
Сурет: magnific
147 адам мінген кеме бұған дейін Испанияға қарасты Тенерифе аралына келіп тоқтаған. Портта зәкірде тұрған лайнерден жолаушылар шағын қайықтар арқылы жағаға жеткізілді. Кейін олар автобустармен әуежайға тасымалданып, өз елдеріне жіберілді.
Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия бірнеше ел қатысқан репатриация операциясы "жоспарға сай" өткенін мәлімдеді. 2026 жылғы 10 мамырда эвакуацияның алғашқы күні лайнерден 19 елдің 94 жолаушысы шығарылған. 11 мамырда тағы бір топты жөнелту жоспарланған.
АҚШ билігінің мәліметінше, эвакуацияланған 17 америкалықтың бірінен "Андес" штамына қатысты ПТР-тест әлсіз оң нәтиже көрсеткен. Тағы бір жолаушыда аурудың жеңіл белгілері байқалған. Қазіргі таңда екеуі де АҚШ-тың Небраска штатындағы медициналық орталыққа жеткізіліп, ұшақ ішінде оқшауланған бөлімде тасымалданған.
Жолаушыларды жағаға түсірмес бұрын лайнерге медициналық бригадалар көтеріліп, экипаж бен жолаушыларды толық тексеруден өткізген.
Айта кетейік, Аргентинадан өткен айда басталған круиз кезінде хантавирусқа байланысты үш адамның қаза тапқаны айтылды. Бұған дейін тағы бірнеше жолаушы ем алу үшін шұғыл эвакуацияланған болатын.
Хантавирус – сирек кездесетін жұқпалы ауру. Ол көбіне вирус жұқтырған кеміргіштердің зәрі немесе нәжісі арқылы таралады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бұл вирус "тағы бір COVID-19 емес" екенін айтып, халық үшін қауіп деңгейі төмен екенін жеткізді.
Өз азаматтарын эвакуациялау үшін АҚШ, Испания, Франция, Канада, Ирландия, Нидерланды және басқа да елдер арнайы әуе рейстерін ұйымдастырған. 11 мамыр, дүйсенбі күні қалған жолаушыларды Австралия мен Нидерландыға жіберу жоспарланып отыр.
Эвакуация аяқталғаннан кейін лайнер бортында қалған экипаж мүшелерімен бірге Роттердам қаласына бағыт алады. Туристік Oceanwide компаниясының мәліметінше, кеме межелі жерге жеткен соң толық залалсыздандырудан өткізіледі.