ДДҰ Африкадағы Эбола вирусының таралуын халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады
Сурет: pixabay
Ұйымның ресми мәліметінше, мұндай шұғыл шешім вирустың өте жылдам таралуына, науқастар санының көбеюіне және Bundibugyo деп аталатын сирек штамына қарсы бекітілген вакцинаның жоқтығына байланысты қабылданған.
Конго Республикасында ауруға күдікті жүздеген жағдай тіркеліп, ондаған адам көз жұмған. Сонымен қатар көршілес Угандада да вирус жұқтырған екі адам анықталды.
2026 жылғы 16 мамырдағы мәлімет бойынша, Конго Демократиялық Республикасының Итури провинциясындағы кемінде үш медициналық аймақта – Буниа, Рвампара және Монгвалуда – инфекция жұқтырды деген күдікпен 246 жағдай тіркеліп, 80 адам қайтыс болған.
Ал 15-16 мамыр күндері Уганданың астанасы Кампалада Конгодан келген екі адамнан вирус зертханалық түрде расталған. Олардың біреуі қайтыс болды. Сондай-ақ Итуриден Киншасаға барған тағы бір науқастан Bundibugyo вирусына жасалған тест теріс нәтиже көрсеткендіктен, ол әзірге ресми расталған жағдай ретінде есептелмей отыр.
Мамандарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – вирустың халық тығыз орналасқан өңірлерде және қарулы қақтығыстар жүріп жатқан шығыс Конго аумағында таралуы. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлерінің де инфекция жұқтыру жағдайлары тіркелген.
Ұйымның мәліметінше, індет ошағында вирустық геморрагиялық қызба белгілері байқалған кемінде төрт медицина қызметкері қайтыс болған. Бұл аурудың медициналық мекемелер ішінде таралуы мүмкін екенін, сондай-ақ инфекцияның алдын алу талаптары жеткілікті деңгейде сақталмай жатқанын көрсетуі мүмкін.
ДДҰ басшысы Tedros Adhanom Ghebreyesus ұйымның инфекцияның таралу жылдамдығы мен індет көлеміне қатты алаңдап отырғанын айтты. Оның сөзінше, жағдайды қиындатып отырған негізгі себептердің бірі – Bundibugyo штамына қарсы әзірге арнайы вакцина мен нақты емнің болмауы.
Сонымен қатар ДДҰ ресми тіркелген жағдайлардан бөлек, індеттің нақты ауқымы бұдан да үлкен болуы мүмкін екенін ескертті. Қазір ұйым індетпен күреске миллиондаған доллар көлемінде шұғыл көмек бөліп, өңірге мамандар мен медициналық құрал-жабдықтар жіберіп жатыр.
ДДҰ бұл жағдай әзірге пандемия болып саналмайтынын атап өтті. Алайда аурудың көршілес елдерге таралу қаупі жоғары екені айтылды.
Дәрігерлердің түсіндіруінше, Эбола вирусы ауру жұқтырған адаммен немесе жануармен байланыс кезінде, әсіресе олардың биологиялық сұйықтықтары арқылы беріледі. Ауру өте қауіпті саналады, жоғары өлім көрсеткішімен ерекшеленеді және қан кету, дене қызуының көтерілуі мен ішкі ағзалардың зақымдануына алып келуі мүмкін.
The Guardian басылымының мәліметінше, ДДҰ-ның Конго Демократиялық Республикасындағы өкілі Анн Ансия бұл індеттің алдағы екі ай ішінде толық тоқтай қоюы екіталай екенін айтқан.
"Менің ойымша, бұл індетті екі айда толық тоқтата алмаймыз", – деген ұйым өкілі.
Бұған дейін хантавирустың Қазақстанға жету ықтималдылығы қандай екенін жазғанбыз.