Эльбруста қаза тапқан альпинистер өздерімен бірге мысығын алып шыққан: жануардың не өлі не тірі екені белгісіз
Сурет: Facebook/alma.durmis
Алайда жұртшылықтың назарын тек альпинистердің тағдыры ғана емес, олармен бірге саяхаттап жүрген Мачика есімді үй мысығының жағдайы да алаңдатты.
KP.RU басылымының мәліметінше, Мачика блогерлер Альма мен Денис Окановичке тиесілі болған. Ерлі-зайыптылар "Трио Фантастико" атты блог жүргізіп, әрбір сапарына мысықтарын бірге алып шығатын. Олар саяхат барысында Мачиканың қатысуымен түскен суреттерді тұрақты түрде жариялап отырған.
Мачика туралы соңғы жазба да дәл осы "Трио Фантастико" блогында жарияланған.
"Біз 4500 метр биіктікке көтерілуді сәтті аяқтадық. Бүгін түнгі сағат 01:00-де негізгі шыңға шығуға аттанамыз. Бізге жанкүйер болып, сәттілік тілеңіздер – алдымызда осы уақытқа дейінгі ең үлкен сынақ тұр. Мачика Еуропаның ең биік шыңына бет алды", – деп жазған Альма мен Денис мысықтың суретін қоса жариялаған жазбасында.
Осыдан кейін альпинистер 5100 метр биіктікте ауа райының күрт бұзылуына тап болып, құтқарушыларға көмек сұрап белгі берген.
Оқиға орнына Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Эльбрус жоғары таулы іздестіру-құтқару жасағы жіберілді. Құтқарушылар аман қалғандарды эвакуациялап, қаза болғандардың мәйіттерін төменге түсірді. Қаза тапқандардың қатарынан Мачиканың иелері – Альма мен Денис Окановичтің денелері де табылды.
Осыдан кейін көпшілік арасында "Мачикаға не болды?" деген сұрақ туындады. Алғашында әлеуметтік желілерде ерлі-зайыптылардың таныстарының атынан мынадай ақпарат тарады:
"Мачика тірі. Ол альпинистердің лагеріндегі үйшікте қауіпсіз жерде қалған және қолайсыз ауа райы кезінде соңғы шыңға көтерілуге қатыспаған", – деп жазды жазылушылардың бірі.
Көпшілік бұл пікірді марқұмдардың жақын танысы немесе туысы жариялады деп қабылдады. Осындай мәлімет шетелдік БАҚ-тың жазбаларының астындағы пікірлерде де пайда болды. Кейін бұл ақпарат түрлі болжамдармен толықтырыла бастады. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Мачикаға қазір еріктілер мен Босния және Герцеговинадан келген құтқарушылар қамқорлық жасап, оны Отанына қайтаруды ұйымдастырып жатыр деген хабар тарады.
Алайда арада көп уақыт өтпей басқа ақпарат шықты. Босниялық бұқаралық ақпарат құралдары мысықтың лагерьде қалмағанын, керісінше, иелерінің рюкзагында болғанын хабарлады. Басылымдардың жазуынша, Мачика иелерімен бірге үсіп қалған болуы мүмкін.
KP.RU тілшілері бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін Ресей ТЖМ-нің Эльбрус жоғары таулы іздестіру-құтқару жасағына хабарласқан. Құтқарушылардың айтуынша, олар мысықтың тағдыры туралы ешқандай нақты мәлімет бере алмайды.
"Құтқарушылардың ешқайсысы оны көрген жоқ. Егер көргенде, міндетті түрде алып түсер едік", – деп жауап берген құтқарушылар.
Айта кетейік, Эльбрус тауы соңғы бір аптада жеті адамның өмірін жалмады.

