Қытайда 100 шақырымға созылған кептеліс екі аптаға созылды
Сурет: Youtube/Facts Wiki
Бұл оқиға 2010 жылдың тамыз айында болған. Сол кезде Бейжіңді Ішкі Моңғолиямен байланыстыратын жол Қытайдағы негізгі жүк тасымалдау бағыттарының біріне айналды. Бұл жол арқылы ел астанасы мен шығыс өңірлеріне орасан көп көлемде көмір тасымалданған. Теміржол көлігі жүк көлемінің өсуіне төтеп бере алмағандықтан, жүк тасымалының барған сайын көп бөлігі автомобиль көлігіне ауыстырылды. Нәтижесінде күн сайын жолмен мыңдаған жүк көлігі жүрген, деп жазады Hamu es gyemant.
Жүк көліктерінің көп болуы жол инфрақұрылымына да салмақ түсірді. 2010 жылдың жазында жолдың бірнеше бөлігінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жолдардың өткізу қабілетін төмендеткенімен, жүк тасымалының көлемі азайған жоқ. Осы екі фактор бірігіп, ақырында алып кептелістің пайда болуына себеп болды.
14 тамызда 110-автожолда және Бейжің-Тибет жедел автожолында, негізінен Хопэй мен Ішкі Моңғолия арасындағы аумақта көлік кептелісі пайда болды. Жағдай тез ушығып, ең шарықтаған кезде кептеліс 100 шақырымнан асып кетті.
Көлік қозғалысы аса тығыз болғандықтан, кез келген апат немесе көліктің бұзылуы жағдайды одан әрі қиындатты. Мыңдаған жүргізуші кептелісте тұрып қалды. Кейбір учаскелерде көліктер тәулігіне бір шақырымға да жетпей жүрді.
Көптеген жүргізушілер бірнеше күн бойы бір жерде тұрып, көліктерінде тамақ ішіп, ұйықтауға мәжбүр болды. Ұзақ күтуден жалыққан адамдар уақыт өткізу үшін жаяу серуендеп, бір-бірімен сөйлесіп немесе карта ойнаған.
Ал жергілікті тұрғындар жағдайға тез бейімделді. Олар жүргізушілерге су, тез дайындалатын кеспе, темекі және дайын тағамдар сата бастады. Кейбір тауарлардың бағасы әдеттегіден бірнеше есе қымбат болды. Кейбір саудагерлер көліктер тізілген жол бойымен велосипедпен жүріп, тауарларын ұсынған.
Билік кептелісті азайту үшін бірнеше шара қабылдады. Жүк көліктерінің Бейжің бағытында түнгі уақытта көбірек жүруіне рұқсат берілді. Тасымалдаушыларға мүмкіндігінше балама бағыттарды таңдау немесе жүк жеткізуді уақытша тоқтату ұсынылды.
Кептеліс тамыз айының соңына қарай тарқап кеткенімен, бұл аймақтағы көлік қозғалысына қатысты мәселе толық шешілген жоқ. Бірнеше күннен кейін сол бағытта қайтадан үлкен кептеліс пайда болды.
Нәтижесінде Қытайдағы 2010 жылғы кептеліс ұзақтығымен ерекшеленді – ол 12 күнге созылды. Алайда бұл тарихтағы ең ұзақ кептеліс емес.
Тарихтағы ең ұзақ үздіксіз кептеліс 1980 жылы Францияда тіркелген. Сол кезде Лион мен Париж арасындағы кептелістің ұзындығы 176 шақырымға жеткен.
2026 жылғы 30 тамызда Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 400 жүк көлігінен тұратын үлкен кептеліс пайда болғаны хабарланған болатын.