Археологтар Мысырдан "арғы дүниемен байланысы бар" көне қабір тапты
Сурет: Мысыр туризм министрлігі
Smithsonian Magazine мәліметінше, ғалымдар қабірден бөлек, жерлеуге арналған көптеген жерасты орындарын анықтаған. Олардың кейбірі ежелгі заманда-ақ тоналған. Соған қарамастан ішінен адам сүйектері мен жерлеу заттары, соның ішінде фаянстан жасалған 100-ден астам шағын мүсіншелер табылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай мүсіншелерді ежелгі мысырлықтар қайтыс болған адамдармен бірге жерлеген. Олардың түсінігінде мұндай мүсіншелер о дүниеде марқұмға қызмет етеді деп ойлаған.
Археологтар бұл жаңалықтар Саккара қорымының бірнеше ғасыр бойы қалай пайдаланылғанын жақсырақ түсінуге көмектеседі деп есептейді.
"Ежелгі патшалық дәуірінде, шамамен б.з.д. 2700–2200 жылдары, Саккара патша әулеті мүшелері мен басқа да жоғары лауазымды адамдар жерленетін орын болған. Кейінгі дәуірлерде де бұл қорымның маңызы сақталып, адамдар мұнда Рим дәуіріне дейін жерленген", – делінген хабарламада.
Бұл жолғы қазба жұмыстары кезінде табылған ең маңызды нысанның жасы шамамен 4 мың жыл. Иероглифтердегі жазулар қабірдің Сехентиу-Птах есімді ер адамға тиесілі болғанын көрсетеді.
Қабірдің ішінен археологтар "жалған есік", құрбандық шалатын үстел және діни тазарту рәсіміне арналған ыдыс тапқан.
Ежелгі мысырлықтардың наным-сеніміне сәйкес, мұндай есік арқылы қайтыс болған адам қабірге "еркін кіріп-шыға" алады деп есептелген. Яғни, бұл шынайы есік емес, о дүниемен байланыс орнататын символдық құрылым болған.
Жазуларға қарағанда, Сехентиу-Птах сарайда жоғары қызмет атқарған. Ол патшаның көмекшісі, Маат құдайының абызы, хатшылардың жетекшісі және патша құрылыстарына жауапты бақылаушы болған.
Қазба жұмыстары Бубастейон қорымының маңында жүргізіліп жатыр. Каирден 32 шақырым жерде орналасқан Саккара кешені XIX ғасырдан бері зерттеліп келеді. Бұл жерден Ежелгі патшалық дәуіріне тиесілі көптеген құнды тарихи нысандар табылған.
Археолог Маджи Шакердің айтуынша, Саккарада патшаларға арналған ескерткіштерден бөлек, Ежелгі Мысыр тарихының әр кезеңіне жататын шенеуніктердің көптеген қабірлері бар. Олардың біразы жазулармен және жоғары көркемдік деңгейде салынған суреттермен безендірілген.