Жертөлесінде әйелдерге 24 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсеткен миллионерге қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр
Фото: pexels
Oxu.Az басылымы Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлауынша, Ұлыбритания соты бірнеше жыл бойы өз үйінің жертөлесінде әйелдерді азаптап, зорлаған миллионер Кевин Буттың елден шығуына рұқсат бермеді.
65 жастағы бұрынғы мұғалім Кевин Бут 2025 жылдың қараша айында қамауға алынған. Тергеу 2019 жылы оның Шотландиядағы иелігінде жұмыс істеген бірнеше әйелдің шағымынан кейін басталған.
Жәбірленушілердің айтуынша, Бут жертөледе арнайы бөлме жасап, онда әйелдерді ұрып-соғып, азаптап, зорлаған. Ол көбіне қиын әрі осал жағдайдағы шетелдік әйелдерді жұмысқа шақырған.
Сонымен қатар Бут әйелдерге жасаған зорлық-зомбылығын видеоға түсіріп отырған. Атап айтқанда, билік өкілдерінің қолына миллионердің өзінде жұмыс істеген әйелді ұрып-соққан 18 минуттық бейнежазбасы түскен.
Биліктің нұсқасы бойынша, Бут әйелдерге 1998 жылдан 2022 жылға дейін зорлық көрсеткен. Жақында ол өзіне қойылған Ұлыбритания аумағынан шығуға тыйымды алып тастауды сұраған, алайда сот оның өтінішін қанағаттандырмаған. Ер адамға қатысты 21 эпизод бойынша айып тағылған.
Айыптар тізімінде сегіз зорлау фактісі бар.
1990 жылдардың басында Кевин Бут әйелімен бірге жекеменшік мектепке иелік еткен. Ер адам балаларды қамшымен және таяқпен ұрды деген айыппен бірнеше рет сынға ұшыраған. Кейін ол мұғалімдік қызметін тастап, ат жарыстарына бәс тіге бастаған және байып кеткен.
Осыдан кейін ол Шотландиядағы иелігінде әйелдерді зорлай бастаған деген болжам бар. 2002 жылы қызметкерлерінің бірінің арызынан кейін ол екі жылға бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.