Түркияда донер дайындаудың жаңа ережелері енгізілді
Сурет: pexels
"Газета.ru" мәліметінше, Түркия Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл өзгерістер туралы хабарламасы мемлекеттік Resmi Gazete басылымының соңғы санында жарияланған.
Жаңа құжатқа сәйкес, донер, суджук, котлет, бургер, тартылған ет, пастырма және кавурма сияқты бірқатар танымал өнімдерге толтырғыштарды қолдануға тыйым салынады. Өндірушілер мен кәсіпорындарға жаңа талаптарға бейімделу үшін 2027 жылдың 31 наурызына дейін өтпелі кезең берілді.
Жаңа ережелер бойынша донер оны дайындауда қолданылатын ет түріне қарай үш санатқа бөлінеді. Барлық санатта туралған қызыл ет пен тартылған еттің мөлшері нақты белгіленген.
Сондай-ақ май мен тұз мөлшеріне шектеу қойылды. Донердегі жалпы май мөлшері 25%-дан, ал тұз 2%-дан аспауы керек. Ет ақуызы кемінде 12% болуы тиіс.
Донер дайындау кезінде жаңғақ, ірімшік, ақуыз ұнтақтары мен ақуыз гидролизаттарын ингредиент ретінде пайдалануға тыйым салынады. Бұған сүт, йогурт және жұмыртқа ақуыздары кірмейді. Крахмал мен соя өнімдері сияқты толтырғыштарды да қолдануға болмайды. Ал дәмдеуіштерден келетін крахмал мен өсімдік ақуызының үлесі 1%-дан аспауы тиіс.
Котлеттер мен бургерлер үшін ет ақуызының ең төменгі мөлшері 10% болып белгіленді. Май мөлшері 25%-дан, тұз 2%-дан аспауы керек. Соя өнімдері мен ақуыз қоспаларын пайдалануға тыйым салынды. Ал нан, кептірілген нан ұнтағы және дәмдеуіштерден келетін крахмал мен өсімдік ақуызының үлесі 5%-бен шектелді.
Суджук құрамындағы жалпы ет ақуызы кемінде 15% болуы керек. Коллагенді дәнекер тіннің үлесі жалпы ет ақуызының 20%-ынан аспауы, ал pH көрсеткіші 5,4-тен жоғары болмауы тиіс. Термикалық өңдеуден өткен суджук үшін талаптар өзгеше: ақуыз мөлшері кемінде 13%, ал коллаген мөлшері 25%-дан аспауы керек.
Құс етінен жасалған тартылған ет пен оның негізіндегі қоспаларды енді тек мұздатылған күйде шығаруға рұқсат етіледі. Құс етінен дайындалған котлеттер мен бургерлердегі ақуыз мөлшері кемінде 10%, ал май мөлшері 15%-дан аспауы тиіс. Құс етінен жасалған донердегі май мөлшері 15%-бен, тұз 2%-бен шектеледі, ал ақуыз мөлшері кемінде 14% болуы керек.
Жапсырмаларға да жеке талаптар қойылды. Атап айтқанда, енді өнім құрамында пайдаланылған жануар майының шығу тегін көрсету қажет.