Франциядағы оқушылар наразылығы: 215 оқушы мен 85 білім қызметкері жараланды
Сурет: magnific
Le Figaro басылымы ел премьер-министрі Себастьян Лекорнюге сілтеме жасап жазғандай, жарақат алған білім беру саласы қызметкерлерінің саны соңғы бірнеше онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жеткен.
Сонымен қатар наразылық кезінде 715 жандарм мен полиция қызметкері жарақат алды. Басылымның мәліметінше, көптеген құқық қорғау органдарының қызметкерлері балағат сөздер мен қоқан-лоққыларға да тап болған.
Францияда оқушылардың наразылығы бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. 6 қазан, сейсенбі күні ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүкіл ел бойынша акцияларға шамамен 450 мың адам қатысқан. Ал Францияның Ішкі істер министрлігі қатысушылар саны 256 мың болғанын хабарлады.
Наразылықтарға байланысты Лекорню 7-9 қазан аралығында лицейлердегі оқу сабақтарын тоқтата тұруды жариялады. Осы кезеңде оқу орындарының басшылары оқушылармен кездесулер ұйымдастырып, олардың талаптары мен мәселелерін талқылауы тиіс.
Бұған дейін Понтуаз прокуратурасы Сен-Уэн-л'Омон қаласында 14 жастағы оқушыны ауыр жарақаттаған полиция қызметкеріне айып таққан болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, полиция қызметкері гранатаатқыш қолданған. Соның салдарынан жасөспірімнің беті ауыр жарақаттанған. Полиция қызметкері сот бақылауына алынып, қызметінен уақытша шеттетілді.
Бұған дейін Францияда жаппай наразылықтарға байланысты 500-ге дейін мектеп жабылатыны хабарланған болатын.