"Этиологиясы анықталмаған пневмония": ДДСҰ Иркутск облысындағы жағдайға қатысты жаңа мәлімдеме жасады
Сурет: YouTube/who
ДДСҰ басшысы Ресейдегі Иркутск обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының зертхана қызметкерінде өкпе обасы болуы мүмкін деген алғашқы ақпарат БАҚ-та 2 қазанда пайда болғанын еске салды.
"Зертхана қызметкері ауыр пневмониямен ауруханаға жатқызылғаннан кейін қайтыс болды. БАҚ-тағы алғашқы хабарламаларда зертханада кездейсоқ жұқтыру салдарынан өкпе обасы болуы мүмкін екені айтылды. ДДСҰ 2 қазанда Ресей үкіметінің Иркутск облысы тұрғынының қауіпті инфекция жұқтырғанына күдікке байланысты кеңес өткізгенін біледі. Сенбі күні ДДСҰ Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сәйкес Ресей Федерациясынан қосымша ақпарат сұратты", – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Оның айтуынша, кеше Ресей тарапы соңғы уақытта Иркутск облысында оба жағдайлары тіркелмегенін және науқаспен байланыста болған шамамен 200 адамның карантинге алынғанын хабарлаған.
"Алайда ДДСҰ қайтыс болған адам мен онымен байланыста болған адамдарға жүргізілген зертханалық зерттеулер туралы қосымша ақпаратты, қоғамдық денсаулық сақтау шараларын қабылдау себептері туралы толық мәліметтерді, сондай-ақ байланыста болған адамдардың денсаулық жағдайы туралы ақпаратты сұратты. Сонымен қатар БАҚ-та пневмониясы этиологиясы анықталмаған екінші қызметкер туралы тараған ақпаратты растауды сұрадық", – деп атап өтті Тедрос Адханом Гебрейесус.
Сондай-ақ ДДСҰ обаға қатысты мәселелер, сондай-ақ зертханалардың биологиялық қауіпсіздігі мен қорғалуына байланысты техникалық қолдау ұсынған.
"Қазір бізде болған оқиғаның толық көрінісі жоқ. Сондықтан тәуекелге толыққанды баға бере алмаймыз", – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
ДДСҰ басшысының түсіндіруінше, Халықаралық медициналық-санитариялық ережелерге сәйкес ақпаратты уақтылы, толық әрі ашық алмасу "қарама-қайшы хабарламдарды нақтылау және халық денсаулығына төнуі мүмкін қауіптерге дәл баға беру үшін шешуші маңызға ие".
2026 жылғы 2 қазанда Иркутск обаға қарсы институтының қызметкері Шелехов қаласында қайтыс болғаны белгілі болды. Осыдан кейін оның оба жұқтырған болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
4 қазанда Ресейдің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметінің (Роспотребнадзор) баспасөз қызметі Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін және оба жағдайы анықталмағанын хабарлады. 28 жастағы әйелдің өліміне "этиологиясы анықталмаған пневмония" себеп болғаны айтылды.
5 қазанда Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.