Аңшылар салмағы 400 келіден асатын алып қолтырауын ұстап алды
Сурет: Facebook/Jeferry Siew
The Star басылымының жазуынша, төрт адамнан тұратын топ қыркүйек айынан бері өзендегі "құбыжық" қолтырауынды аңдып жүрген. Жыртқышты тек 7 қазан, сәрсенбі күні таңертең арнайы жемі бар ілмекті құралдың көмегімен ұстау мүмкін болған.
"Біз қыркүйек айынан бері дәл осы қолтырауынды аулауға тырысып жүрдік. Ақыры бүгін таңертең ұстап алдық. Бірақ онда бұдан да ірі бір қолтырауын бар, біз оны әлі де аңдып жүрміз", – деді аңшы Джеффри Сиу Сенг Квонг.
Бұл операция топ Батанг-Иган ауданындағы тағы бір шақырту бойынша жұмыстан оралғаннан кейін 24 сағат өтпей жатып жүргізілген. Аңшының айтуынша, ауыр жұмыстан кейін топ әбден шаршаған. Дегенмен тағы бір алып жыртқышты Сибу қаласының маңынан табу сәті түскен.
Айта кетейік, қыркүйек айында осы топ Салим-Стабау ауданында ұзындығы 4,76 метр болатын қолтырауынды ұстаған. Сонымен қатар соңғы бірнеше күнде Батанг-Иган ауданынан ұзындығы 2,44 метрден 4,75 метрге дейінгі тағы үш қолтырауын аулаған. Олардың арасында салмағы 500 келі болатын алып жыртқыш та бар. Аңшылар сол маңнан ішінде 40 жұмыртқасы бар ұяны да тапқан.
Джеффри Сиу Сенг Квонг аңшылықпен айналысуға лицензияны екі жыл бұрын алған. Содан бері ол 100-ден астам қауіпті жыртқышты ұстап үлгерген.
Бұған дейін Австралияда бір ер адамның өзіне шабуыл жасаған қолтырауынды ұрып жібергені хабарланған еді.