Алматы метросынан төрт есе ұзын: Қытайда Азиядағы ең ұзын айналма метро желісі ашылды

Алматы метросынан төрт есе ұзын: Қытайда Азиядағы ең ұзын айналма метро желісі ашылды, сурет - Zakon.kz жаңалық 04.11.2026 12:41 Сурет: Xinhua/Xiao Yijiu
Қытайдың Ухань қаласында елдегі және бүкіл Азиядағы ең ұзын айналма метро желісі пайдалануға берілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Хубэй провинциясындағы Ухань метрополитенінің 12-желісі 2026 жылғы 29 қазанда толық ашылды. Оның жалпы ұзындығы – 59,9 шақырым. Желі 37 жерасты станциясынан тұрады және қолданыстағы әрі жоспарланған 18 метро желісіне ауысуға мүмкіндік береді

Жаңа желі қаланың орталық бөлігіндегі жеті ауданды қамтып, екі ірі теміржол торабы – Ханькоу және Учан вокзалдарын байланыстырады. Айналма бағытты толық жүріп өтуге шамамен 96 минут кетеді, деп жазады Global Times.

Метро желісі екі кезеңмен ашылды. Ұзындығы 35,3 шақырым болатын бірінші кезең 1 мамырда пайдалануға берілген. Ал ұзындығы 24,6 шақырым болатын екінші кезеңнің ашылуы айналма бағыттың құрылысын толық аяқтады.

Желі Янцзы өзенін екі рет, ал Хань өзенін бір рет кесіп өтеді. Сондай-ақ онда Қытайдағы ең ұзын суасты метро тоннельдерінің бірі орналасқан. Оның ұзындығы шамамен 4 шақырым, ал ең терең нүктесі Янцзы өзенінің бетінен 71,4 метр төмен жатыр.

Құрылыс барысында мамандар су қысымының жоғарылығы, топырақтың күрделі аралас құрылымы және суасты тоннельдерін қалқанды әдіспен ұзақ қашықтыққа салу сияқты бірқатар қиындықты еңсерді. Бұл жоба өзен астымен метро тоннельдерін салу және ауқымды айналма теміржол көлігі жүйелерін дамыту бағытындағы үлгілік жобалардың бірі саналады.

Желі пойыз қозғалысын басқарудың 4-деңгейлі толық автоматтандырылған жүйесімен жабдықталған. Бұл – теміржол көлігіндегі автоматтандырудың ең жоғары деңгейі. Күн сайын таңертең пойыздар автоматты түрде іске қосылып, өзін-өзі тексереді және деподан өздігінен шығады. Қозғалыс кезінде бағыттарын өзгертіп, станцияларда тоқтайды. Түнде жұмыс аяқталған соң депоға қайту бағытын өздері жоспарлап, күту режиміне өтеді.

"Ояну – жұмысқа кірісу – жұмысты аяқтау – ұйқы режиміне өту" цикліне адамның араласуы қажет емес. Дегенмен диспетчерлік орталық кез келген уақытта пойыздарды қашықтан басқара алады. Пойыздар арнайы дайындықтан өткен. Қарбалас уақытта олар қозғалыс аралықтарын автоматты түрде реттейді, ал төтенше жағдай кезінде айналма бағыттарды өздігінен жоспарлай алады. Бұл қозғалыс кестесінің сақталуы мен төтенше жағдайларға ден қою деңгейін арттырады.

Тұрақты тұрғындарының саны 13,86 миллионнан асатын Ухань – Қытайдың маңызды көлік тораптарының бірі әрі Янцзы өзені экономикалық белдеуіндегі ірі қалалардың бірі. 12-метро желісінің ашылуы өзеннің арғы бетіне қатынауды жеңілдетеді деп күтіледі.

Алматыда жақын арада "Қалқаман" жаңа метро станциясы ашылатынын ескерсек, қалалық метро желісінің жалпы ұзындығы 15 шақырымға жетеді. Бұл – Уханьдағы жаңа желіден төрт есе қысқа.

2026 жылғы қазанда Алматыдағы "Қалқаман" метро станциясының ашылуға жақын екені хабарланған болатын. Құрылысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта метро желісін "Барлық" базары бағытына қарай ұзарту көзделген. Бұл учаскеде тағы үш станция салу қарастырылған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: