Екі қабатты үймен бірдей: әлемдегі ең ұзын жабайы жылан табылды
Сурет: guinnessworldrecords.com
Science-et-vie басылымының жазуынша, өте ірі жыланның нақты ұзындығын өлшеу оңай емес. Питонның қатты аяқ-қолдары немесе денесінің тұрақты пішіні жоқ. Оның денесі бір-бірімен иілгіш шеміршек дискілері арқылы жалғасқан жүздеген омыртқадан тұрады. Соның арқасында жылан денесін үнемі жиырып, соза алады. Сондықтан басы мен құйрығының арасындағы қашықтық дене қалпы мен бұлшықеттерінің белсенділігіне қарай өзгеріп отырады.
"Ибу Барон" ("Баронесса") деп аталған жыланның ұзындығын анықтау үшін мамандар оның дене иірімдерін қайталай алатын геодезиялық өлшеу таспасын қолданған. Нәтижесінде жыланның ұзындығы 7,22 метр екені анықталды. Сондай-ақ оны әдетте күріш салынған қаптарды өлшеуге пайдаланылатын таразыға тартқан. Салмағы 96,5 келі болған.
Мамандардың айтуынша, жыланның ұзындығы бұдан 10-15%-ға артық, яғни 7,9 метрге жуық болуы мүмкін. Себебі жабайы табиғатта жыландар толық босаңсыған кезде денесін барынша соза алады. Алайда мамандар дәлірек нәтиже алу үшін Ибу Баронға анестезия қолдану тәуекеліне бармаған.
Тіпті 7,22 метрлік ұзындығының өзі бұл ұрғашы питонды ресми тіркелген жабайы жыландардың ішіндегі ең ұзыны етеді. Бұған дейін, әсіресе Индонезия мен Малайзияда бұдан да ірі жыландар кездескені туралы деректер болған. Алайда олардың санаулысы ғана осындай дәлдікпен өлшеніп, ресми тіркелген.
Ал тұтқында ұсталатын әлемдегі ең ұзын жылан – Медуза есімді торлы питон. Оның ұзындығы 7,67 метрге жеткен. Үнемі қоректендіріліп, ветеринарлардың бақылауында болатын және табиғаттағы қауіп-қатерден қорғалған бұл жыланның өсуіне қолайлы жағдай жасалған. Мұндай жағдайлар жабайы табиғатта сирек кездеседі.
Бірегей жылан Ибу Барон жергілікті табиғат қорғаушысы Буди Пурвантоның қамқорлығында. Ол соңғы жылдары Сулавеси аралында құтқарылған басқа жыландардың қатарына қосылды. Осылайша, Пурванто өз жерінде жыландарға арналған шағын қорық тәрізді орын құрған. Онда бауырымен жорғалаушылар кең қоршауларда ұсталады.
Әлемнің бұл бөлігінде адамдар мен жыландар арасында, әсіресе Ибу Барон сияқты ірі питондарға қатысты ежелден бері қақтығыс бар. Жергілікті тұрғындар оларды малға, үй жануарларына, тіпті адамдарға, әсіресе балаларға үлкен қауіп төндіреді деп санайды. Соңғы жылдары питондардың шабуылынан бірнеше адам мен көптеген үй жануарлары қаза тапқан.
