Бразилия БАӘ-мен иық тіреспек – елде әлемдегі ең биік тұрғын үй мұнарасының іргетасы қаланды
Сурет: Lalalli Senna
Naked Science басылымының жазуынша, жобаға жетекшілік ететін Talls Solutions компаниясының атқарушы директоры, құрылыс инженері Стефан Доменьини мұнараның биіктігі 550 метрден асатынын айтқан.
Құрылыс аяқталған соң, Senna Tower Нью-Йорктегі One World Trade Center ғимаратынан да биік болып, әлемдегі ең биік тұрғын үй мұнарасына айналады. One World Trade Center ғимаратының биіктігі шамамен 541 метр.
Құрылысшылар мұнараның негізгі іргетас тақтасының астына 798 қада орнатқан. Ол үшін жерді бұрғылап, ұңғымаларға бетон құйған. Әр қаданың диаметрі – 60 сантиметр, ал ұзындығы 27 метрден 44,5 метрге дейін жетеді. Қадалардың төменгі бөлігі берік тау жынысына кіріктірілген.
Енді құрылысшылар қадалардың үстіне қалың темірбетон тақта құя алады. Бұл тақта ғимараттың жер үстіндегі бөлігінен түсетін салмақты қадаларға бөледі.
Қазір әлемнің бірнеше елінде биіктігі бойынша рекорд орнатуы мүмкін зәулім ғимараттар салынып жатыр. Senna Tower – солардың бірі. Тағы бірі – Сауд Арабиясындағы Jeddah Tower мұнарасы. Оның құрылысын 2028 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Мұнараның биіктігі бір шақырымнан асуға тиіс.
Бұған дейін Қытайда аса критикалық параметрлі бумен жұмыс істейтін көмір электр станциясы іске қосылғаны хабарланған еді. Ол осы үлгідегі станциялардың ішінде теңіз деңгейінен ең биік жерде орналасқан.