Кездесуде қоғамның сан саласы бойынша әріптетікті нығайту бағытында келелі ойлар айтылды.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өмірзақ Шөкеев Түркістанның тарихы тереңде екеніне тоқталып, алдағы даму жоспарымен бөлісті. Түрленген шаһарды өмір сүруге қолайлы, ғылымы мен мәдениеті дамыған ірі оазиске айналдыру миссиясы жүктелгенін, осы бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтты.
Қазақ үшін түрік халқы бауыр әрі ең жақыны болып саналады. Оны түрік бауырлар іспен дәлелдеп, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға мемлекеттік сапармен барды. Түркия тарапы Президентімізді үлкен құрметпен қарсы алып, екіжақты маңызды келісімдерге қол қойылды. Осы келісімдерден кейін байланыс одан сайын тереңдейді деп сенемін. Түркістан облысының дамуына да түрік инвесторлары үлес қосып жатыр. Халықаралық әуежайдың құрылысын өте қысқа мерзімде талапқа сай етіп аяқтады. Қазіргі таңда заманауи госпитальдің құрылысын жүргізіп жатыр. Түркі кеңесі ұйымы аясында Түркістанда еркін экономикалық аймақ ашуға арнайы орын әзірлеуге де дайынбыз. Әсіресе, Анкара қаласынан жаңа технологияларды ендіру, ғылымды, туризмді дамыту бойынша әріптестік орнатуға мүдделіміз. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Анкара губернаторы Васип Шахин Түркістанның қысқа уақытта өзгеріп, құрылысы дамыған қалаға айналғанына ризашылығын білдірді. Анкараны дамыту бағытындағы жұмыстармен бөлісті. Қожа Ахмет Ясауи ұстаз орда тіккен Түркістанды қолдау абыройлы іс екенін жеткізді.
Анкара – Түркияның ең стратегиялық маңызды қаласының бірі. Ел астанасы ретінде өзіне жүктелген міндетті орындап келеді. Жоғарғы технологияларды дамыту, ғарышты игеру, ғылым саласы бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өнім экспорттау бойынша да Анкараның орны айрықша. Байланысты барынша нығайтып, Түркістанға қолдау көрсетуге, іскерлік қатынас орнатуға дайынбыз. Анкараның губернаторы Васип Шахин
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Кездесу соңында түркиялық мейманға естелік сыйлық тапсырылып, құрмет көрсетілді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шетел делегациясына Түркістан қаласындағы жаңа нысандарды көрсетті. Түркі әлемінің рухани астанасында бой көтерген Түркістанның театры мен «Farab» кітапханасында болған Анкараның губернаторы ондағы қарқынды жұмыстарға куә болып, оң бағасын берді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралап, тарихына қанықты.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Осы жұмыс сапары аясында Анкара губернаторы Түркістанның тарихи орындарын аралап, жастармен кездеседі деп жоспарланған.