Қазіргі таңда ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту бағытында ілкімді істер атқарылуда. Мәселен, биылғы жылы аудан орталығында екіқабатты 12 пәтерлі қос тұрғын үй бой көтерсе, алдағы уақытта Казталов және Жалпақтал ауылдарында көп пәтерлі үйлер салуға жаңа жобалар дайындалуда. Ал білім саласы бойынша ауданымызда 600 орындық А.Оразбаева атындағы орта мектеп пен Жұлдыз ауылындағы А.Хұсайынов атындағы орта мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында мемлекеттік қаржы есебінен 8 мектеп пәндік кабинеттермен жаңартылып, жыл соңына дейін 4 мектеп химия кабинеттерімен жабдықталатын болады. Бүгінгі таңда Сарықұдық негізгі орта білім беретін мектебін пайдалануға беріп отырмыз. Енді оқушыларымыз жаңа ғимаратта сапалы білім алып, еліміздің абыройын асқақтатады деген сенімдеміз, - деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Сурет: Facebook/БҚО әкімдігі
Заманауи мектепте экоаймақ, коворкинг орталығы, спорттық үйірмелер оқушылардың бос уақытының тиімді өтуіне септігін тигізеді. Сынып бөлмелері де бүгінгі күн талабына сай жабдықталып, балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Сурет: Facebook/БҚО әкімдігі
60 орындық білім ошағында 75 бала білім алуда. Сынып бөлмелерінің бәрі дерлік ғаламторға қосылып, интерактивті тақтамен жабдықталған. Кітапханада 10 орындық оқу залы, мәжіліс залында 60 орындық көрермен залы бар. Қазіргі таңда 24 педагог оқушыларға білім беруде. Оның ішінде 2 педагог-зерттеуші, 6 педагог-сарапшы, 7 педагог-модератор және 1 жоғары санатты мұғалім бар.
Сурет: Facebook/БҚО әкімдігі
Мектеп оқушылары да аудандық, облыстық, республикалық білім сайыстарында, спорттық додаларда, мәдени-көпшілік байқауларда топ жарып жүр. Мәселен, мектептің 8-сынып оқушысы Жансерік Сағынгерей өзінің бос уақытында анимациялық мультфильмдерді түсірумен айналысады. Ол өзі әзірлеген "Бауырсақ" ертегісі желісімен дайындалған 300 кадрлық анимациялық мультфильмін көпшілік назарына ұсынды.
Білім нысанының ашылу салтанатына арнайы келген "Үлгілі Қыз Жібек" ансамблі Естай термесінің мақамымен Сарықұдық мектебіне жырдан шашу шашты.
Сурет: Facebook/БҚО әкімдігі