Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл келген қандалардың жартысынан көбі (68,7%) Өзбекстаннан, 10% Қытайдан, 7,9% Түркіменстаннан, 4,6% Моңғолиядан және 8,8% басқа елдерден екенін айтты.
Тарихи отанына келгендер негізінен Алматы облысын (29,9%), сонымен қатар келгендердің 16,7%-ы қоныстанған Маңғыстау облысын, Түркістан (9%) және Жамбыл (6,5%) облыстарын, Астана (7,8%), Шымкент (7,3%) және Алматы (5,8%) қалаларын таңдайды.
Бұл ретте этникалық көшіп-қонушылардың 58,7%-ы - еңбекке жарамды жастағы адамдар, 27,5%-ы - еңбекке жарамды жастан кіші адамдар, 13,7%-ы - зейнеткерлер.
Ведомствоның мәліметінше, еңбекке жарамды мигранттардың 13,2%-ы жоғары, 38,9%-ы орта арнаулы, 46%-ы жалпы орта білімі бар, 1,8%-ының білімі жоқ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бір күн бұрын елордадағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының біріне барып, келген қандастарға қызмет көрсету аймағының қалай жұмыс істейтінін көрді.
Олар үшін арнайы терезелер жасалғанын атап өткім келеді. Қандастар арнайы терезелерден мемлекеттік қызметтерді ала алады. Оның ішінде ЖСН алу, "қандас" мәртебесін беру, тұруға ықтиярхат алу, жеке куәлік алу, және тағы басқа. Бұл тәсіл кейде барлық процедураны жылдамдатуға мүмкіндік береді, - деді ол өзінің instagram-дағы жазбасында.
Министрдің айтуынша, әзірше бұл тәжірибе тек Астана, Алматы, Орал және Ақтөбеде енгізілген, бірақ жақын арада оны еліміздің басқа аймақтарына да қосу жоспарланып отыр.